Атырауда көкөніс бағасы ұшып тұр. Тіпті жаз бойы да жергілікті өнім бағасы түспей қойды. Жыл бойы шекара сыртынан келетін импорттық көкөніс тұтынып мезі болған атыраулықтар арзан сататын шаруа қожалық өнімдерін аңдумен әлек. Ал өзге өңірлерде баға қалай? Тілшілеріміз айтады.
БАЗАРГҮЛ НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ :
Үйдегі көңілді базардағы баға бұзып тұр. Әсіресе, жергілікті өнімді тиімді бағамен алғысы келіп, жиым-терім маусымын асыға күтетін халықтың күткені болмады. Баға былтырғымен салыстырғанда едәуір қымбат,- дейді тұрғындар.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Мынаның өзі 400 теңге, одан үлкені 500 теңге. Мен арғы беттен келіп отырмын осы помидор үшін, жергілікті қызанақ жи алмағанымыз үшін.
- Қымбат, былтырмен салыстырғанда кәдімгідей байқалады. Амал жоқ аздап алуға тура келеді. Мысалы, тәтті бұрышты былтыр 200 теңгеге алуға болатын. Биыл 350 -400 теңге.
Шаруалар болса, биылғы егіс маусымы өте кеш басталды,- деп отыр. Өр суы кеткенін күтіп, біраз уақыт жоғалтқан.
ҮМІТ БИМҰРАТОВА, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ИЕСІ:
Қымбат деп айтқанда біз халыққа түсіндіреміз. Биыл егістер кеш салынды. Бір ай кеш салынды егістер. Сол үшін кішкене қымбаттау.
Тек соңғы бір айдың өзіне картоп, 6, қырыққабат 5, пияз 3,3 пайызға қымбаттаған. Егін көлемі былтырғыдан екі есе азайған. Егіншілер өткен жылы 2 590 гектарға егін салса, биыл 1294 гектарға ғана дән сепкен.
ҒАСЫРБЕК ТӨЛЕГЕН, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Сәйкесінше, биылғы өнімдер де екі есеге азайып, 42 тонна картоп, 3500 тонна көкөніс өнімдері, 180 тонна бау-бақша өнімдері, 85 тонна мал дақылдары алынып отыр биылғы жылы.
БАЗАРГҮЛ НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ :
Бақша өнімдері мен жеміс-жидектерді айтпағанда, қала тұрғындары жылына шамамен 80 мың тоннаға жуық картоп және көкөніс тұтынатынын ескерсек, нарықта еліміздің оңтүстігі мен алыс-жақын шетел өнімдеріне сұраныс артпаса, кемімейтіні айтпаса да түсінікті. Дәрібек, еліміздің бас қаласындағы баға қалай?
ДӘРІБЕК БАХЫТБЕК, ТІЛШІ:
Иә, Астанада да баға мәз емес. Мен қазір базарда тұрмын. Мынау қызанақтын бір келісі 550 теңге, ал қиярдың келісі 650 теңге. Көріп тұрғандарыңыздай, сонда да сауда қызып тұр. Келушілердің қарасы қалың.
Тұрғындар маңдай терімізбен тапқанымыздың жартысынан көбін азық-түлікке жұмсаймыз дейді. Кейбір тауар түрлері өте қатты қымбаттаса, кейбірінде өзгеріс жоқ екенін айтады.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Еттің бағасы көтерілді. Енді көкөністер жемістер бағасы көтеріліп тұр.
- Баға енді былтырғыға қарағанда көтерілген.
- Қымбаттады да шамалы онша көп емес. Мынау базар жақсы арзандау. Басқа жерден гөрі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше елімізде азық-түлік бағасы бір жылда 5,5% көтерілген. Әсіресе, өсімі Алматыда қатты байқалады. Одан кейін Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, және Атырау облысы тұр. Ал, ең төменгі баға Түркістан облысында.
ТОЙГҮЛ ЖҰБАНИСОВА, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ САУДА КОМИТЕТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Еліміздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. ӘМАТ тауарлары тізбесіне кіретін 19 түрлі тауардың бағасы мен қоры үнемі комитеттің, жалпы Үкіметтің жіті бақылауында.
ДӘРІБЕК БАХЫТБЕК, ТІЛШІ:
Сатушы өндірушіден алған тауар бағасына тек 15 пайыз қосуы керек. Алайда, оны көбі ескермейді. Былтыр бағаны ретсіз өсіргендерге қатысты 760 әкімшілік хаттама толтырылған. Ал биыл бұл 4 жарым есеге өсіп, 2800-ге жеткен. Тіпті, өндірушіден сатып алған бағаға 70-80 пайыз үстемақы қосқандар бар. Енді жауаптылар заңға бағынбайтындарға қатысты жазаны күшейтпек. Бұдан былай саудагерлерге ескерту болмайды, бірден айыппұл салынады.