Республикалық референдум туралы қоғамдық сауалнама тек қолданыстағы заң жүзінде жүруі керек. Бұл туралы орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді. Төраға Батыс Қазақстан облысының референдумға дайындығын пысықтап, жергілікті комиссия мүшелерімен кездесті.
Батыс Қазақстан облысында 450 мыңнан астам сайлаушы бар. Бүгінде олардың тізімі алынып, нақтыланған. Екі мыңға тарта мүмкіндігі шектеулі азаматтың да дауыс беру үшін барлық жағдай жасалған. Референдум учаскелері 1-қабатта орналастырылып, инватакси мен сурдоаудармашылар қызметі ұйымдастырылады.
МЕЙІРБЕК ХАСАНОВ, СЫРЫМ АУДАНЫ РЕФЕРЕНДУМ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Сырым ауданы бойынша 27 учаскелік референдум комиссиясы және аудандық референдум комиссиясы жұмыс істейтін болады. 15-қыркүйекте тізім алғаннан кейін күнтізбелік жоспарға сәйкес, біз халыққа шақыру билеттерін тарататын боламыз және тізіммен таныстыратын боламыз. Біз қазір аудан бойынша 15 ақпараттық билборд ілдік. Халықтың барлығын хабардар етіп жатырмыз.
Саяси науқан кезінде өңірде 14 аумақтық және 496 учаскелік референдум комиссиясы жұмыс істейді. Комиссия мүшелерінің дені - түрлі сала өкілдері. Бұған қоса, жұмыссыздар мен зейнеткерлер бар. Республикалық референдум туралы қоғамдық сауалнама тек қолданыстағы заң жүзінде жүруі керек.
ШАВХАТ ӨТЕМІСОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Қоғамдық пікірге сауал салуды ұйымдастыратын ұйым міндетті түрде осы салада кемінде 5 жыл жұмыс атқарған ұйым болуы керек. Сауал салу туралы орталық референдум комиссиясына жазбаша хабарлама беруі керек. Қорытындысын референдум болатын күнге дейін кемінде бес күн бұрын және референдум болатын күні жариялауға болмайды.
Дауыс беру күні барлық референдум учаскелерінде «Ашық есік» күні өткізіледі. Учаске төрағалары азаматтарға референдум заңнамаларын қосымша түсіндіріп, «Telegram», «WhatsApp» чаттары да қолданылады. Сонымен қатар, дауыс берушілері 1 мыңнан асатын 192 учаскеде онлайн сервис қызметі және облыс орталығының 5 учаскесінде азаматтарды тіркеу ұйымдастырылады.