Русский Сайттың толық нұсқасы

7 сәуірде Дэвис кубогі үшін ойындар басталады

  • AstanaTV
  • 06 сәуір 2017
  • 2265

Бүгін ұлттық теннис орталығында Қазақстан мен Қытай құрамаларының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Сондай ақ қарсыластар арасында жеребе тартылды. Айбек Қосан толықтырады.

Елордада әйгілі Дэвис кубогі аясында Азия/Океания аймағының ойындары басталады. Бұл жарыста топ жарған команда әлемдік топтың  плей-офф кезеңіне жолдама алады. Сайыстың бас төрешісі маңызды кездесудің өту тәртібімен таныстырды.

Ойындар жұма күні сағат 12:00-де, сенбі күні сағат 13-00-де, ал жексенбі 14:00-де басталады. Жұма және жексенбі күндері дара, ал сенбіде жұптасқан кездесудерді тамашалайтын боламыз.

Ұлттық құрама өкілдері Астанаға екі апта бұрын келіп, жаттығуды бастап кеткен. Қазақстан теннисшілерінің капитаны - Диас Досқараев. Бұл кездесуге Михаил Кукушкин бастаған Андрей Голубев, Александр Недовесов, және Дмитрий Попко шақырту алған.

Диас Досқараев, теннистен ұлттық құраманың капитаны:

Біз бұл команданы жақсы білеміз. Тарихи қарсыласымыз десек болады. Көптеген жарыстарда ойнағанбыз. Қытайлықтарды зерттедік. Олар басымдықты қолға ала отырып, жиі шабуылдауды көздейді. Бұлай болуы жас кезінен бастап теннисшілері хардта дайындалып өседі. Бірақ біз, біріншіден, өз отанымызда, екіншіден, топырақты алаңға шығамыз. Ең бастысы - жақсы бастау. Команда сапындағы спортшылар барын салады.

Вей Джианг, теннистен Қытай құрамасының капитаны:

Соңғы үш жылда біздің құрама, әлемдік топқа кіру үшін, талмай жаттығу жасап келеді. Бұл жолы да плей-оффқа ілігуді көздейміз. Бірақ дәл қазір басты мәселе - осы ойындар. Алдағы жоспар бүгінгі кездеулерге тікелей байланысты.

2016-ның соңында жарақат алып, биылғы жылды жоғары деңгейде бастай алмаған Михаил Кукушкин соңғы рет топырақты алаңға өткен маусымда шыққан. 2 аптаның ішінде қалыптасу оңайға соқпайды. Бірақ бұл маған кедергі емес,-дейді теннисші.

Михаил Кукушкин, теннистен ұлттық құраманың мүшесі:

Өз еліңнің атынан кортқа шыққанда, әрине, жауапкершілік артады. Шешуші сәт ретінде жарыстың Қазақстанда өтуі рөл ойнауы мүмкін. Қолдаудың да орны бөлек. Менің бар ойым тек ертеңгі ойында. Соған тыңғылықты дайындалып отырмын.

7-9 сәуір күндері қазақстандықтар ұлттық теннис орталығынан Кукушкин - Ди У, Попко - Цзе Чжанг, Голубев - Мао-Ксин Гонг және Недовесов - Янь Байдың текетіресін тамашалай алады. Әлемдік деңгейді бағындырғысы келетін қытайлық құрама да оңайлықпен берілмеуге бекінгендей. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз.