Русский Сайттың толық нұсқасы

Керекуде 22 млн теңгеге саудаланған спорттық кешеннің сатылымы заңсыз деп танылды

  • AstanaTV
  • 07 сәуір 2017
  • 2958

Керекуде 22 млн теңгеге саудаланған спорттық кешеннің сатылымы заңсыз деп танылып, күшін жойды. Арнайы тексеріс жүргізген прокурорлар осындай шешім шығарған. Қадағалау органы өкілдерінің мәліметінше, электрондық аукцион барысында бірқатар заң бұзушылыққа жол берілген. Үш рет сатылымға шығарылып, ақыры белгіленген бағасынан 27 есеге арзан сатылған нысанның ендігі тағдыры не болады? Әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы анықтады.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

«Толқын» спорттық сауықтыру орталығы жекешелендірілетін нысандардың тізіміне өткен жылы енген. Бірақ екі рет болған сатылым, лайықты сатып алушы болмағандықтан, өтпей қалған. 24-ші наурызда үшінші рет жарияланған аукцион нәтижелі аяқталады. Қожайындыққа үміткер қос қатысушының бірі оны 22 млн теңгеге сатып алған.

Әуелде 606 млн теңгеге бағаланған кешеннің арзанға түскеніне күмәнданған прокурорлар арнайы тексеріс бастаған. Оның қорытындысы бұл істе шикіліктің бары анықталды. 

Дархан Әметаев, Павлодар қалалық прокуратурасы бөлімінің бас прокуроры:

Бағалау жұмыстары аудиторлық қорытындысыз жүргізілген. Яғни бұл жағдай нысанның бастапқы бағасының статусына әсер етті. Сонымен қоса, аукцион барысында «Мемлекеттік меншік туралы» заң талаптары мен жекешелендіру нысандарының сатылым ережесінің тәртіптері бұзылған. Сондықтан біз экономикалық сотқа шағым түсірдік.

Спорттық кешен 1984 жылы ашылған. Әуелде Павлодар химиялық зауытының сауықтыру орталығы болған ол кейін қаланың балансына өтеді. Қазірде нысан 6 бағыт бойынша тұрғындарға қызмет көрсетеді. Бассейн, жаттықтыру залы, үстел теннисі, үлкен теннис, сауна және спорттық зал.

Әлия Қажыбекова, Павлодар қалалық қаржы бөлімі басшысының орынбасары:

Қазіргі таңда келісім тоқтатылды. Қаржы бөлімі прокурор наразылығында көрсетілген тәртіп бұзушылықтарды жою жұмыстарына кірісті. Барлық кемшіліктер жойылған соң, нысан қайта сатылымға шығарылмақ.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Қайтадан сатылымға шығарылатын нысанның бастапқы құны қандай болатыны әлі белгісіз. Бұл мәселе аудиторлық тексерістен кейін анықталады,-дейді қаржы бөліміндегілер. Сондай-ақ, шенеуніктер жекенің қолына өткен соң «Толқын» спорттық кешенінің профильдік бағдарында өзгеріс болу-болмауына қатысты ештеңе айта алмай отыр.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ