Алматы облысы Қаскелең қаласының кіре берісінде автобус көпірден ұшып кетіп, өтіп бара жатқан көліктің үстіне құлады .Оның ішінде жолаушылар болған. 8 адам зардап шекті. Барлығы ауруханаға жеткізілді.
АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:
78-ші бағыттағы маршрут дәл осы Қаскелең көпірінен құлап, Бішкектен келе жатқан көліктің үстіне түскен. Минивэннің ішінде 7 жолаушы болыпты. Автобус жүргізушісі қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
Шағын автобус Қырғызстаннан тойдан қайтып келе жатқан екен. Жол апатынан зардап шеккен 8 адам Қарасай аудандық ауруханасына жеткізілген.
АЛТАЙ ДОСТИЯРОВ, ЖАРАҚАТ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
7 пациентке керекті емі көрсетіліп, үйіне қайтарылды. Кеңестер беріліп. Бір ауру қазір жарақат бөлімінде жатыр. Жағдайы орташа қалыпта. Аяғы шығып кеткен. Енді мягкий тканьдары ушиб болған.
Ал жансақтау бөліміне түскен автобус жүргізушісінің жағдайы туралы дәрігерлер мардымды ақпарат бермеді.
АЛТАЙ ДОСТИЯРОВ, ЖАРАҚАТ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Диагноздарын айтып керек емес. Жатқанын айттық, болды ғой. Әр пациент өзінің жазылу уақыты әртүрлі. Сондықтан керек емін алып болғаннан кейін шығарылады.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қоғамдық көлікті тізгіндеген азамат қант диабетімен ауыратын көрінеді. Бойындағы қант деңгейі 35-ке көтеріліп, жағдайы күрт нашарлапты.
ЕЛЖАН ЧУПЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
12 қыркүйек күні сағат 22:50-де Жалпы Ақсайдың соңғы аялдамасына, саябаққа қарай бет алып бара жатқан автобус жүргізушісі денсаулығының нашарлауы салдарынан көпірден ұшып түскен. Қоғамдық көлік жаяу жүргіншілерге арналған қоршауды бұзып өткен.
Жол апатынан сау- тамтығы қалмаған екі көлік арнайы тұраққа жіберілген. Полиция департаменті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.