Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда ҰОС ардагері пәтерін рәсімдей алмай келген

  • AstanaTV
  • 07 сәуір 2017
  • 3145

Қарағандыда ҰОС ардагері әкімдіктен берілген пәтерін рәсімдей алмай, салы суға кетті. Қарияның жақындары осыны айтып, біздің арнаға шағымданды. 91 жастағы зейнеткер Георгий Чихирниковтің балалары бірнеше айдан бері құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырыпты. Ал, ауыр сырқат ардагер жұпыны үйде тұрған. Аймақтағы әріптестеріміз араласқан соң ғана мәселе шешімін тапты.

91 жастағы Георгий Чихирников Венгрия, Польша, Чех мемлекеттерінде соғысқа қатысқан. Бұрынғы танкист соғыс аяқталған соң парашют спортының нұсқаушысы болып қызмет атқарады. Ардагер қазір ауыр дерттен төсек тартып, жатып қалған. Мұнда жуынатын бөлме, әжетхана, тіпті, ыстық су да жоқ. Қарияға күтім жасау әсіресе, зайыбына қиын.

Мария Чихирникова, ардагердің зайыбы:


Біздің бар арманымыз - жылы, жайлы үйде тұру. Жуынып-шайынатын бөлмесі болса жеткілікті.

Қария бұрынғы үйін ұлына сыйлап, өткен жылы тамызда пәтер кезегіне тұрған. Әкімдік араға бір ай салып, Шапағат ауданынан екі бөлмелі пәтер береді. Алайда, оны рәсімдеу ұзаққа созылғандықтан, отбасы онда қоныстана алмай отырғандарын айтты.

Людмила Косовцова, ардагердің қызы:

Біресе әкімдікке, біресе құрылыс бөліміне жіберді. Міне, 2 апта, 3 апта күтіңіз деп жүргенде, айлар өтті. Пәтердің кілтін бергенмен, әкемнің атына жаздырып, құжатын тіркете алмадық.

Бұл мәселеге «Астана» телеарнасының түсірілімі араласқаны сол еді, мәселе дереу шешілді. Қарағанды қаласының әкімдігіне жолдаған сауалға шенеуніктердің жауабы мынадай. 

Сәлжан Балаубаев, Қарағанды қаласы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі жетекшісінің орынбасары:

Пәтердің құжаттарын рәсімдеу біраз уақыт алды. Бірақ мәселе шешілді. Кеше ғана тіркеу құжаттарын қолына бердік.

Людмила Косовцова, ардагердің қызы:

«Астана» телеарнасының түсірілімінен кейін әкімдіктегілер пәтердің табыстау құжатын әкеліп, қолымызға тапсырды. Сіздерге көп рахмет.

Ардагердің отбасы жаңа пәтерге келесі аптада көшуді жоспарлап отыр. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, Қарағандыда қазір баспанасыз бірде бір ардагер жоқ.

Айжан ҚУАШ