Русский Сайттың толық нұсқасы

Мысырда үш күндік қаралы күн жарияланды

  • AstanaTV
  • 10 сәуір 2017
  • 2395

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мысыр елінің басшысы Абдель Фаттах Ас-Сисиге көңіл айту жеделхатын жолдады. Елдегі Танте және Александрия қалаларында орын алған жарылыстан 50 шақты адам мерт болған еді. Ал Швецияда болған оқыс оқиға бірнеше адамның өмірін жалмады. Алайда, ел билігі босқындардың келуіне тиым салу жоспары жоқ екенін мәлімдеді.

Мысырда үш күндік қаралы күн жарияланды. Христиандардың қасиетті мерекесі қарсаңында екі бірдей шіркеуде күшті жарылыс болды. Қатты үрейленген халық әлі өз-өзіне келе алар емес. Бейбіт тұрғындарды қорғау үшін қарулы күштер дайындығын күшейтті.

Абдель Фаттах Ас-Сиси, Мысыр президенті:

Елді қорғау үшін және алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбас үшін, төтенше жағдай жариялап отырмыз. Қарулы күштер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп, полицияға көмектесетін болады.

Қазір күш құрылымдары барлық маңызды нысандар мен діни орталықтарды жіті бақылауға алған. Билік жаңа лаңкестіктің алдын алу үшін барын салуда. 

Вахби Лами:

Билік өкілдері шіркеудегі лаңкестік туралы алдын ала ескерту алған. Алайда тиісті шаралар уақытында жасалған жоқ.

Ахмед Абдель Хади:

Мұсылмандар мен христиандар әрақашанда бірге болған. Ал лаңкестік әрекет - үлкен қылмыс. Оған исламның еш қатысы жоқ. 

Швеция халқы да теракт құрбандарын еске алды. Әлдебір лаңкес көлікпен адамдарды басып жаншып, 4 тұрғын көз жұмған. Осыған орай Стокгольмде ондаған мың адам лаңкестік әрекеттің құрбандарын жоқтап, аза тұтты.

Стефан Левен, Швеция премьер-министрі:

Қаза тапқандардың отбасына көңіл айтамыз. Алайда біз өзге мемлекеттер үшін ашық болуымыз керек. Швеция - демократиялық ел. Сондықтан халық мені дұрыс түсінеді деп ойлаймын.

Швециядағы қанды қылмысты жасады деген күдікке ДАИШ лаңкестік ұйымына қатысы бар Өзбекстан азаматы ілініп отыр. Бұл жағдайға қарамастан, Швеция билігі миграциялық саясатты өзгертпейтінін мәлімдеді.