Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан Испаниямен тең ойнады

  • AstanaTV
  • 15 қыркүйек 2024
  • 298

 Бүгін, 15 қыркүйекте футзалдан Қазақстан құрамасы Өзбекстанда өтіп жатқан әлем чемпионатында алғашқы ойынында Испаниямен кездесті, - деп жазды  KAZINFORM.

Ел құрамасы D тобында Испания, Ливия және Жаңа Зеландиямен шеберлік байқасады. Кездесу барысында қазақстандық Біржан Оразов небәрі бесінші секундта қарсыластар қақпасынан саңылау тауып кетті.

Испаниялық құрама таразы басын теңестіруге ұмтылды. Ойынның 17-минутында Хесус Гордильо командасын жеңілістен құтқарып қалды. Осылайша құрамалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Екі құрама бұған дейін төрт мәрте кездессе, барлығында испаниялық футзалшылар жеңіске жеткен еді. 

Енді Қазақстан құрамасы 18 қыркүйекте Ливиямен ойнаса, Испания Жаңа Зеландиямен шеберлік байқасады. Аталған сында ел намысын Нарун Серіков, Леонардо Игита, Арнольд Кнауб, Ринат Төреғазин, Ақжол Дәрібай, Әбдірасул Әбдіманапұлы, Азат Валиуллин, Лео, Альберт Ақбалықов, Шыңғыс Есенаманов, Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Жахангир Рашит және Дуглас Жуниор сынды спортшылар қорғайды. 

Айта кетсек, бүгін аталған топта Ливия құрамасы Жаңа Зеландияны 5:2 есебімен тізе бүктірді.

Бүгін С тобында Ауғанстан Ангола 5:2 есебімен жеңсе, енді Аргентина мен Украина ойнайды.

16 қыркүйекте E тобында Португалия мен Панама, Тәжікстан мен Марокко, F тобында Иран мен Венесуэла, Гватемала мен Франция шеберлік байқасады.