Русский Сайттың толық нұсқасы

Ағайынды Гриммдердің 200 жылдық кітапшасы Петропавлда

  • AstanaTV
  • 11 сәуір 2017
  • 5448

Петропавлда немістің әйгілі ертегішісі ағайынды Гриммдердің қойын кітапшасы таныстырылды. Сәбит Мұқанов атындағы кітапханада ұйымдастырылған көрмеге 200-ден астам жәдігер қойылған. Ұйымдастырушылар оларды көпшілікке беймәлім қырынан көрсеткісі келгенін айтады.

Көрме екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың 25 жылдығына арналды. Жәдігерлер немістің Кассель қаласындағы ертегішілердің музейінен әкелінген. Ағайынды Гриммдердің жеке бұйымдарымен әлемді шарлаған ұйымдастырушылар неміс мәдениетіне қызығушылықтың артқанын жеткізді.

Марио Шёнфельд, "Шетелдегі мектептерді басқару орталығы " үйлестірушісі:

Ағайынды Гриммдер лингвист болған. Олар жас кезінен неміс халқының фольклорын зерттеді. Шежірелер мен қызықты аңыз-ертегілерге жастайынан қанықты. Сондықтан бұл көрме бәріне ұнайды деген ойдамыз. 

Көрмеге Гриммнің осыдан екі ғасыр бұрын алғаш жазған кітабы мен жеке заттары да қойылған. Кітапханашылардың айтуынша, құнды мұралардың ішінде 1812 жылы шығарылған қойын дәптер де бар. Ұйымдастырушылар қызықты ертегілер дәл осындай дәптерлерге жазылғанына сенімді. Авторлық өңдеуден кейін барша халықтың сүйіктісіне айналған "Қызыл телпек", "Ұлпа қыз", "Бремен музыканттары" секілді ертегілер өмірге келді.

Полина Чуряк:

Ағайынды Гриммдердің ертегілері ұнайды. Өйткені  түсінікті тілде өте тартымды етіп жазылған. Ертегіні оқыған кезде сол дәуірге сүңгіп кеткендей қызық күй кешесің.

"Ағайынды Гриммдердің ертегілер әлемі" көрмесі бұған дейін Семей мен Өскеменде және Павлодарда ұйымдастырылған. Петропавлдағы жұмысын аяқтан соң көрме туған еліне, Германияға қайтады.

А.КУСАИНОВА