Русский Сайттың толық нұсқасы

Мыңжылқы Бердіқожаев тікелей эфирде операция жасайды

  • AstanaTV
  • 16 қыркүйек 2024
  • 457

Халықаралық «Заманауи хирургиядағы жоғары технологиялар» конференциясында операциялар тікелей эфирде көрсетіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының ұйымдастыруымен 21-22 қыркүйек аралығында Президенттік орталықта өтетін «Заманауи хирургиядағы жоғары технологиялар» халықаралық ғылыми-практикалық форумында операциялар (шеберлік сағаттары) тікелей эфирде трансляцияланады. Кардиохирургия, нейрохирургия және қантамыр хирургиясы бойынша жоспарланған бірегей операциялар ҚР ПІБ МО ауруханасы базасында жасалады.

21 қыркүйек күні кардиохирургия бөлімі бөлім меңгерушісі, жоғары санатты кардиохирург Әлібек Тойбаевтың жетекшілігімен таңнан бастап операция жасайды.

ҚР ПІБ МО ауруханасының хирургия бойынша орынбасары Мыңжылқы Бердіқожаевтың сөзінше, бұл күні 3 нейротамыр операциясы жасалады деп жоспарланған.

21 қыркүйек күнгі бірінші операцияда ми артериясының тарылған бөлігіне арнайы стент қойылады. Екінші операцияда біз әлемде ми тамырларының аневризмасында қолданылатын жаңаша құрылғыны пайдалануды жоспарлап отырмыз. Ал үшінші ота кезінде жабық ми тамырын ашамыз. Бұл – біздің ауруханада ғана жасалатын ерекше операция, - деп атап өтті жоғары санатты нейрохирург Мыңжылқы Сайлауұлы.

Екінші күні де таңнан күрделі операцияларды тікелей эфир арқылы көрсету жоспарда бар. Сонымен қатар 22 қыркүйекте Қазақстанның ғана емес, шет елдің мамандары да отаға қатысады.

Екінші күні қантамыр хирургтары Түркиядан келген маманмен бірлесе отырып операция жасайды. Бұл ота LED-экраннан шеберлік сағаты түрінде көрсетіледі, жауапты – хирургия бөлімінің меңгерушісі Берік Кайкенов. Сонымен қатар, айта кету керек, 11:30-да Үндістаннан мамандар нейрохирург мамандардың операциясына тікелей трансляция арқылы қосылады, - деп түсіндірді Мыңжылқы Бердіқожаев.

Халықаралық конференция аясында өткізілетін соңғы операция жексенбі күні түстен кейін өтеді деп жоспарланған. Конференцияға АҚШ, Азия, Еуропа елдерінің жетекші мамандары келетінін айта кеткен жөн.