Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында құрылыс шектеледі. Мәжілісте Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң жобасы таныстырылды. Құжат қаланың мәдени игілігі мен рухани дамуын, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған. Енді кесененің айналасындағы құрылыс стандарттары бекітіліп, қала аумағында бірыңғай құрылыс стилі қолданылады. Мұнда 25 тарихи-мәдени мұра объектілері орналасқан.
БАУЫРЖАН ОМАРБЕКОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Заңға сәйкес кесененің 100 метр радиусында құрылыс шектеледі. Бұл құрылысқа толыққанды тыйым салу деген сөз емес. Себебі, өмір бір орында тұрған жоқ. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган бұл аумақта ЮНЕСКО-нің келісімі бойынша ғана жаңа құрылыс жұмыстарын жоспарлай алады.