Русский Сайттың толық нұсқасы

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесті

Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері бүгін Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесті. Депутаттар мен сарапшылар ірі кәсіпорын, мекемелерді аралады. Осыдан екі-ақ жыл бұрын дербес аймақ мәртебесі берілген ұлы дала халқы үшін атом энергетикасын дамыту өте маңызды. Ол өңірде өнеркәсіпті дамытып, жаңасын салу үшін аса қажет. 

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласындағы мыс балқыту зауытының ұжымымен кездесті. Жылына 250 тоннадай мыс өндірілетін ірі өнеркәсіп үшін энергияның жеткілікті болуы аса маңызды. Ол ең алдымен өндіріс көлемін ұлғайту үшін қажет.

ДӘУЛЕТ КӘРІБЕК, “AMANAT” ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Бір Ұлытаудың өзінде, Жезқазғанда, Қазақстанның түкпір- түкпірінде бір жерінде завод соғайық десек не жетпейді? Қуат көзі жетпейді. Сондықтан болашақта дамимыз десек осы мәселені дұрыс шешеміз десек біз осыған 6 қазан күні өз нүктемізді қою керекпіз.

Халықтық штаб мүшелері атом энергетикасын дамытудың маңыздылығын Ұлытаудың зиялы қауымымен бірге талқылады. Дөңгелек үстел Жезқазғандағы қазақ музыкалық драма театрында өтті. Оған Алматыдан арнайы келген сарапшылар қатысты. Ғалымдардың айтуынша АЭС құрылысын салып, дамыту үшін елімізде мамандар жеткілікті. Алматыдағы ядролық физика институты бүгінде онкологиялық дәрі- дәрмектің 95 пайызын өндіреді.

САЯБЕК САХИЕВ, ЯДРОЛЫҚ ФИЗИКА ИНСТИТУТЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Біздің ядролық физика институтында 3 орталық бар. Олар радиациялық қауіпсіздік, екінші бұзылмай жөндейтін тексеріс орталығы, ядролық физика орталығы. Осы үш орталықта біз атом саласы үшін 5 мың кадр даярладық.

Ғалымдар мен депутаттардың пікірінше елде атом энергетикасын дамыту медицинамен қоса ауылшаруашылығын, өндірісті дамытады.

МАҚСАТ ТОЛЫҚБАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "АМАNАТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біз қазір Ресейге тәуелдіміз, жоқ дегенде екі жылдан бері 100 млрд теңгеге солардан ток сатып алып отырмыз. Бір күні щитті жаба салады. Одан кейін не істейміз? Тезек жағамыз ба? Ондай да мәселе бар. Көмір, газдың қоры мәңгілік емес.

АЗАМАТХАН ӘМІРТАЕВ, “БАЙТАҚ” ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Индустриалды региондарға қуатты энергияны тек қана атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Көмір, газ, мазут энегия отынына альтернатива бола алатын әлемде 1-ақ қана таза энергия көзі бар. Ол атом энергиясы.

Сарапшылар мен халық қалаулылары Жезқазғандағы Ютария тігін фабрикасының ұжымы мен Сәтпаев қаласындағы Ғазиз Омаров атындағы шахта проходкалау тресінің кеншілерімен де кездесті. Жұмысшылар АЭС құрылысына қатысты пікірлерімен бөлісті.

БЕКЗАТ ИБРАЕВ, ШАХТЕР:

Өзіміз осы өндіріс саласында жұмыс істегеннен кейін энергетика тапшылығы біз үшін таңсық емес. Болашақ ұрпақтарымызды ойлап атом электр станциясы Қазақстанда салынғаны дұрыс деп ойлаймын. Осындай өндірістік мекемелер бұйыртса АЭС салынып жатса , тог жағы тоқтамаса еліміздің экономикасы одан да жоғары дамиды деп ойлаймын.

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері бұған дейін 17 облыс пен 3 қаланы аралады. Талқылау әлі жалғаспақ.