Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда қырық отбасы екі жылдан бері баспанасыз жүр

  • AstanaTV
  • 11 сәуір 2017
  • 2655

Оралда 40 отбасы екі жылдан бері үйсіз жүр. Олар жергілікті биліктің жаңа баспана салып береміз деген сөзіне сеніп, осындай күйге түскен. Үйлерін бұзып тастаған құрылыс компаниясы енді "ақша жоқ" дегенді алға тартып отыр. Ара ағайындыққа жүріп, басу айтқан қала әкімдігінің өкілдері үй жыл соңына дейін салынып бітеді деп отыр. Үмітін үзген тұрғындар болса, енді қайда шағымданып, кімнен көмек сұрарын білмейді.

Еркін Карин, тілші:

Осыдан екі жыл бұрын Орал қаласындағы Екінші шақырым көшесінің тұрғындары мен қала әкімдігі және құрылыс компаниясы арасында үшжақты келісім жасалыпты. Осы уағдаластық бойынша тұрғындардың ескі үйі бұзылып, орнына 135 пәтерлік жаңа үй тұрғызылуы тиіс еді.

Тұрғындар үй салынып біткенше әкімдік ұсынған баспанада тұруға мәжбүр. Бірақ уәде бойынша былтыр салынып бітуі тиіс үйдің әлі құрылысы да басталмаған. Іргетасы ғана жартылай құйылыпты. Қоршауға алынған құрылыс алаңында ешкім көрінбейді. Ашынған тұрғындарға мердігер мекеме басшысы ақшаның жоқтығын айтқан. Сондықтан үйдің қашан салынып бітері де белгісіз. Ал қала әкімінің орынбасары құрылыс уақытылы аяқталады деп сендірді.

Рүстем Закарин, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

Егер өз міндеттемесін орындамаса, оларға заң аясында келісімде көрсетілген жаза қолданылады. Бұл іспен заңгерлер айналысады. Олар ұйғарым жасап, өз бағасын береді. Қазір қаржыландыру көздері іздестіріліп жатыр.

Тұрғындар әкімдік берген үйді жалдап тұру мерзімі тағы екі жылға ұзартылғанын айтып алаңдаулы. Яғни көпшілікті діңкелеткен құрылыстың әлі сонша уақытқа созылуы мүмкін деп қауіптенеді.

Галина Сизова, Орал қаласының тұрғыны:

Тұрғындар прокуратураға шағымданбақшы. Бірақ бұдан қандай пайда болатынын білмейміз. Құрылысшылар бізден қашып, әртүрлі сылтау айтумен келеді. Мен бұл жердің иесімін, қашан тұрғызғым келсе, сонда саламын дейді. Бірақ олардың бұл сөзі ешбір қисынсыз.

Орал қаласындағы апатты баспаналар саны қырыққа жуықтайды. Ол үйлерде мың жарымға тарта адам тұрып жатыр. Әкімдік болашақта оларды да жаңа баспанамен қамтымақ ниетте. Бірақ алғашқы төрт үйдің құрылысы аяқталмайынша, тұрғындардың бұл іске келісе қоюы екіталай.

Еркін КАРИН