Русский Сайттың толық нұсқасы

Маңғыстауда оқушылардың жаппай улануына қатысты зерттеу қорытындысы шықты

  • AstanaTV
  • 17 қыркүйек 2024
  • 131

Мектеп асханасындағы 7 жұмысшыдан қауіпті жұқпалы аурулар анықталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Еске салайық, өткен аптада Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы №8 жалпы білім беру мектебінде 466 оқушы астан уланып, дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Соның ішінде жүзге жуық бала жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылып, емделіп шықты.

Осыған орай Маңғыстау облысы Ұлттық сараптау орталығының зертхана мамандары эпидемиологиялық жоспардан тыс тексеру жүргізіп, мектеп асханасындағы дайын тамақ өнімдерінен, судан және асхана қызметкерлерінен бактериологиялық тексеруге сынамалар алған болатын. Зертханалық зерттеулердің нәтижесінде, өрескел санитарлық тәртіп бұзылғаны анықталған. Піскен тамақ өнімдері картоп езбесінен, құс етінен әзірленген котлеттен, соус пен компоттан патогенді бактериялар зертханалық түрде дәлелденген. Ал ыдыстардан ішек бактериялары табылған.

"Мектеп асханасында жұмыс істейтін 10 қызметкерден, 1 медициналық қызметкерден және 1 жеке кәсіпкерден алынған бактериологиялық тексерудің нәтижесінде 6 адамнан стафилакок таяқшалары анықталды. Ал ыдыс жуушының дизентерия бактериясын тасымалдаушы екені зертханалық түрде дәлелденді. Сонымен қатар ол балаларға ас таратушы да болып жұмыс істеп, тамақты ластаған", – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асылбек Шаров.

Асхана жұмысшыларының жеке медициналық кітапшалары да тексерілген. Нәтижесінде 4 асхана қызметкерінің жалған медициналық тексерістен өткендігі анықталған. Бұл жөнінде облыстық прокуратураға және облыстық ішкі істер департаментіне хат жолданған. Қазіргі таңда осы жағдай бойынша Мұнайлы аудандық Полиция басқармасымен қылмыстық кодекстің 1-бөлімі, 304-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.