Русский Сайттың толық нұсқасы

Байханов білгенін істеп жүр ме – Аймағамбетов сабақ уақытын қысқартқан әкімді мұқатты

  • AstanaTV
  • 17 қыркүйек 2024
  • 308

Мәжіліс депутаты, бұрынғы білім министрі Асхат Аймағамбетов Павлодарда мектептегі сабақ уақытын 40 минутқа қысқарту туралы бастамаға наразылығын білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Павлодар облысының басшылары сабақтарды 30 минутқа дейін қысқартуды ойлап таппағанына шүкір. Бұндай логикамен, енді жаңа мектептер салмай-ақ, төрт ауысымға көшіп, миллиардтаған қаражатты үнемдеуге болар еді. Шынын айтқанда, Павлодарда сабақтарды қысқарту көптеген сұрақтар туғызады. Аймақтарда сабақтың ұзақтығын өздері шешіп, әкімдікке ыңғайлы кез келген жағдайда онлайн оқуға көшетін болса, оқу процесі мүлдем хаосқа айналады. Бағдарламалардың мазмұны, білім мақсаттары өзгермей қалай сабақты қысқартуға болады? Бұл білім сапасына және барлық оқушыларға сапалы білім алу үшін тең жағдай жасауға үлкен проблемалар тудыратыны анық», - деді экс-білім министрі Аймағамбетов.

Депутаттың сөзінше, әр өңір өз білгенімен сабақтың уақытын қойып алатын болса, бірізділік жойылады.

«Қызық парадокс: бір жағынан, ел бойынша бірыңғай уақыт белдеуі еніп жатыр, ал екінші жағынан — әр облыс сабақтың ұзақтығын өзі шешеді. Бірізділік қайда? Ғылымға негізделген шешім қайда?», - деп жазды депутат.

Айта кетсек, бұған дейін Павлодарда екінші ауысымда оқитын балалардың сабағы кешкі сағат 19.30-ға дейін аяқталуы үшін сабақ уақыты 40 минутқа қысқарғаны белгілі болған. Облысты Асайын Байханов басқарып отыр.