Алматы ауруханаларында білікті
мамандардың тапшылығы әлі де сезіліп отыр. Денсаулық сақтау басқармасының
мамандары осылай деп дабыл қағуда. Әсіресе жүйке жүйесі мен ісік ауруларын және
туберкулез дертін емдеуші дәрігерлер аса қажет. Бұл олқылықтың орнын толтыру
үшін қала әкімі Бауыржан Бәйбек медициналық қызмет көрсетудің кейбір түрлеріне
шетелдік мамандарды тартуға ұсыныс білдірді. Бұл өзіміздегі дәрігерлердің
біліктілігін арттыруға да мүмкіндік береді, - дейді шаһар басшысы.
Он үш жасар Сламбек Шәріп
аурудың азабын әбден тартқан. Оны жұмсақ жасушаларда пайда болған қатерлі ісік
дерті мазалайды. Туғалы бері аурумен алысып, ондаған операция жасатқан бала сырқатынан толық айығып кетпеген.
Аян Жолдасов, науқас баланың
ағасы:
Өте қауіпті, жүйке тамырында
орналасқан ісік. Сондықтан олар тәуекелге барып, біз операция жасаймыз дегенді
мойнындарына ала алмай отыр. Оны енді
тек қана Турция ғана емес, Кореяға да барлығына жібердік.
Қазақстандық дәрігерлер жүйке
жүйесі тамырларына ота жасауға жүрексінген. Баланың туыстары Корея және Түркия
мамандарымен кеңескен соң, түрік дәрігерлері Аянға бұл операцияны жасауға
болатынын айтады. Бірақ емге 30 мың АҚШ доллары қажет. Отандық мамандар мұндай
күрделі операцияны былай қойғанда,ел арасында кең тараған ауру түрлерін емдейтін дәрігерлердің де
тапшылығын алға тартып отыр.
Гүлбану Жанқарашева, Алматы
қаласы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
Алматыда 81 медициналық мекеме
бар. Онда 5 мыңға жуық дәрігер мен 11 мыңнан астам орта санаттағы мамандар еңбек
етеді. Дәрігер тапшылығын жою үшін 300-ге жуық жоғарғы санатты медициналық
қызметкер керек. Әсіресе фтизиатр, невропатологтар мен онколог дәрігерлер жетіспейді.
Әкім Бауыржан Бәйбек медициналық мекемелердің кейбір қызметтерін
шетелдік дәрігерлерге беруді ұсынады. Бұл шеттен ем іздеп сабылатын тұрғындар үшін де тиімді. Өз дәрігерлеріміз
де тәжірибе алмасар еді, дейді қала басшысы.
Ал Оңтүстік
Кореядан келген проктолог-дәрігер Пак Вен Гван, Қазақстан медицинасында
инновациялық ілгерілеу жоқ, деп есептейді.
Пак Бен Гван, проктолог-дәрігер, Оңтүстік Корея:
Кореяда озық технологияға көп сенім артады. Қондырғылар мен медициналық құралдар роботтандырылған. Мұндай 20-30 аурухана АҚШ және Еуропаның дамыған технологиясын әкеліп, сынақтан өткізеді. Қазақстан медицинасы да осы жолды таңдауы керек деп ойлаймын.
Айдын Омарқұлов, ҚР Президенті жанындағы медициналық орталықтың хирург-дәрігері:
Оңтүстік Кореядан мамандар биыл екінші жыл қатарынан келіп отыр. Олардан үйренеріміз көп. Біз қажетті методиканы меңгеріп, өз бетімізше ота жасауға бейімделіп жатырмыз. Себебі оларда медицина біршама дамыған.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Медицинаға заманауи технологияларды енгізу жөнінен Германия, Израиль, Түркия мен Оңтүстік Корея алда келеді. Ал отандық денсаулық сақтау саласында қымбат қондырғылар сатып алуға қомақта қаражат бөлініп жатқанымен, сол құрылғылармен жұмыс жасайтын дәрігерлер тапшы. Алматы әкімі осы олқылықтың орнын толтыру үшін аты аталған елдерден білікті дәрігерлерді шақыртуға мүдделі екенін айтады.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ