Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдағы су басқан саяжайлар мемлекетке қайтарылып жатыр

Батыс Қазақстан облысында су басқан саяжайлар мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Енді бұл жерде жаз маусымында ғана пайдаланылатын уақытша нысандарға рұқсат берілуі мүмкін. Ал өзен жайылмалары қарғын су қиратқан үйлердің үйіндісінен тазартылып жатыр. Тасқыннан кейін де тынбаған тірлік туралы тілшіміздің материалында. 

Көктемгі тасқында қайықпен ғана қатынаған саяжай аумағының қазір шаңы шығып жатыр. Өзен жайылмасын бүлінген үйлердің үйіндісінен тазартқан арнайы техникамен бірге тұрғындар да бұрынғы баспанасын бұзуға кіріскен. Өйткені өңірде құрылыс материалына сұраныс жоғары. Сондықтан асарлатып салған үйін жанталасып бұзып, жаңа мекеніне тасып жатыр.

МЕРГЕН ОРАЗБЕКОВ, ТҰРҒЫН:

Өзіміз бастап салдық қой. Әрбір кірпішті өзіміз қалап, цементін езіп. Өкінішті енді, бұзып жатыр көзімізше. Бірақ енді үкіметке де ризамыз. Үй беріп жатыр ғой. Далада қалдырып жатқан жоқ.

Ербол ИМАНҒАЛИЕВ, ТҰРҒЫН:

Пока апарып қоямыз солай, сосын болашақта көреміз ғой саламыз ғой бірдеме, гараж болса да бірдемеге пайдаға асады ғой әйтеуір. өзіміз еңбектеніп салған үй ғой. Екі жыл жүріп салдым осыны, екі күн болды бұзып жатырмын.

Жазғытұры су астында қалған саяжай аумағында 700 үй бұзылыпты. Кезекте әлі 1500 үй тұр.

ЖАНДОС ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Саяжайлардағы экологиялық апаттың алдын алу мақсатында, тазалықты қамтамасыз ету мақсатында және де қылмыстың болмауы мақсатында саяжайлардың аумағын толықтай тазартуымыз қажет ережеге сай. Онымен жергілікті атқарушы органдар айналысады. Және де резервтен әрі қарай қаржы бөлініп жұмыстар жүргізілетін болады.

Жалғыз баспанасынан айрылған тұрғындар жаңа үй алған соң, саяжайын мемлекет меншігіне өткізеді. Енді бұл жерде құрылыс салуға болмайды. Тек жаз кезінде ғана пайдаланылатын нысандарына рұқсат беріледі.