Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде тұрғындар жиырма жылдан бері апатты үйде тұрып жатыр

Ақтөбеде тұрғындар жиырма жылдан бері қабырғасы сөгіліп, құлағалы тұрған үйде, үреймен өмір сүріп жатыр. Бұл баспана 2003 жылы адам тұруға жарамсыз апатты жағдайда деп танылған. Алайда, жергілікті билік өкілдері мұндағы отбасыларды басқа жерге көшіруге еш асығар емес. Бұған не себеп? Тілшіміз Бақыт Қазанғапқызы білді. 

Қания Әжғұлова осы үйде отыз жылдан бері тұрады. Пәтері бірінші қабатта болғандықтан көктем шықса үйіне кәріз суы көтерілетін көрінеді. Биыл үйді жаман су басып, әлекке түстім дейді.

ҚАНИЯ ӘЖҒҰЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Осыдан канализация көтеріліп, ванна бәрі толып кетті. Мына стиральная машинаның ішіде толып кетті. Машина жанып кетті. Үйім сырость не возможно. Қазір марттан бері аурумын. Көршілер бәрі біледі.

Бұл жерде осындай апатты деп танылған бес екі қабатты тұрғын үй бар. Дені алпысыншы жылдары салынған. Оны 52 отбасы паналап отыр. Тозығы жеткені сонша тұрғындардың көпшілігі пәтерлерін тастап пәтер жағалап кетуге мәжбүр.

РАЙСА БАҚТЫБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бүкіл жар құлап жатыр. Ортасы түсіп жатыр. Үйлердің сырттары құлап жатыр. Мен қаңғып балаларым, немерелеріммен квартирада жүрмын. Үй тұруға жарамсыз. Немерелер кішкентай бәрі ауырған соң, амал жоқ квартараға кеттік. Үй қаңырап тұр.

ЕРСАЙЫН НҰРХАТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біздің мәселемізбен 20 жылда бес-алты әкім ауысты. Сондықтан бәрі де уәде береді. Жақсы істейміз қарааймыз дейді. Уәде орындалмайды. Шаршап отармыз. Нервімізден нерві қалмады.

2021 жылы жеке инвестор тартылып, мұндағы тұрғындар үшін жаңа үй салынатын болған. Мердігерге қала қорынан 18 гектар жер берілген. Алайда, ол үйлердің тек іргетасы қаланған күйі аяқсыз қалыпты.

АҚНҰР ҚАЗБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Алайда біз көріп тұрмыз құрылыс жұмыстары басталмаған. Ол компания өзінің қаржы тапшылығына байланысты біздерден қосымша қараша айына дейін уақыт сұрап отыр. Егер осы уақытта жұмыста жүргізілмеген болса, қала әкімдігімен бөлінген 18 гектар жерді қайтадан қала қорына алынып кететін болады. Егер компания жұмысты аяқтамаса, басқа мердігер компания тартатын боламыз.

Айта кетейік, Ақтөбеде апатты жағдайдағы 32 көпқабатты тұрғын үй бар.