Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте жедел жәрдем стансасының бас дәрігері дауға қалды

  • AstanaTV
  • 13 сәуір 2017
  • 6208

Шымкентте жедел жәрдем стансасының бас дәрігері дауға қалды. Бұрынғы жүргізушісі Алишер Турсынкулов есімді азамат басшысына қатысты ақпаратты интернетке салған. "Ол адамдарды жұмысқа қабылдаймын деп ақша алды" дейді. Ал басшының өзі мұны қып-қызыл жала деп отыр. Мәселеге полицейлер араласты. Мән-жайды өңірдегі тілшіміз Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

Фельдшерден 550 мың теңге, жүргізушіден 550 мың теңге, санитардан 250 мың теңге алғанбыз. Жалпы саны адамдардың елуге жақындап қалады. Қазір сол ақшаларын мен алып, сол ақшаның 90 пайызы Гүлнар Мамытовнаға берілген мен арқылы. 

Өзін Алишер Турсынкуловпын деп таныстырған адам жазбаны 9-шы сәуір күні желіге салған. Айтуынша, жаңадан ашылатын жедел жәрдем стансасына жұмысқа тұрғысы келетіндерден ақша жиыпты. Мұны бастықтың айтуымен жасаған-мыс. Бірақ жоспар жүзеге аспай, қаржыны кері қайтару керек болғасын, басшылық қысым жасап, мойныма миллиондарды іліп жатыр деген ол тиісті орындардан көмек сұрайды.

Алишер Турсынкулов:

Әр айтқан сөзіме мен өзім жауап беремін. Потому что под угрозами моя семья. Өтініш КНБ-ға! Көп ньюанстар бар бұл жерде. Оның бәрі тергеу жүретін болса, бәрі ашыла беретін шығар.

Алайда, жазба авторының өзімен тілдесе алмадық. Мекен-жайын тапқанымызбен, отбасы үйде болмай шықты. Көршілер оның бірнеше күннен бері көрінбегенін айтады.

Ал жедел жәрдем стансасының бас дәрігері бұл "жала" деп отыр. Жаңа станса ашылады деген әңгіме мүлде болмағанын айтады. "16 жылдан бері жақын туысымдай болған адамды қорқытқаным жоқ" дегенді де қосты.

Гүлнар Құрманбекова, Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері:

Барлығы өтірік. Жала. Оның бәрі жөнінде менің өзім, менің адвокатым жұмыс істеп жатыр. Мені азамат ретінде, әйел ретінде сонша балағаттап, менің сыртымнан өтірік айтқаны үшін ол жауап береді, заң алдында. Мен тек заңға сүйенем.

Алаяққа алдандым дегеннің бірі - жедел жәрдем стансасының диспетчері Қылышбек Қоштаев. Танысының ұлын фельдшер қызметіне тұрғызу үшін 550 мың теңге бергенін айтады.

Қылышбек Қоштаев, Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасының диспетчері:

2 ай өткеннен кейін күдік туа бастады. Мен Алишерге «Бере сал қайтып, болмайтын болса» деп айтқанда, сөйтіп ол ақырында алаяқ болып шықты. Кейін Гүлнар Мамытқызы екеумізді беттестірген кезде мен одан сұрадым: ақшаны кімге бердің, қайда, дегенімде, «Ақшаны ешкімге берген жоқпын. Өзім құртып қойдым». 

Құқыққорғаушыларға жедел жәрдем стансасының үш қызметкері арызданыпты. Барлығы бұрынғы жүргізушіге ақша бердік дейді.

Жандос Сұлтанов, Шымкент қаласы ІІБ Еңбекші аудандық полиция бөлімі тергеу бөлімшесінің бастығы:

Жүргізуші қызметін атқарған 1977 ж туылған А есімді азамат өзінің осы мекеменің бас дәрігерімен сенімді қарым-қатынаста екендігін және олардың таныстарын жұмысқа кіргізіп бере алатынын айтып, алаяқтық жолмен әрқайсысынан 550 мың теңге көлемінде ақша алып, кейіннен өзінің берген уәдесін орындамай, не ақшасын қайтармай, қазіргі дейін бойтасалап жүргендігін көрсеткен.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Мәселенің ақ-қарасын құқық қорғаушылар анықтайтын болады. Полиция Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру шараларын бастап кетті. Ал денсаулық сақтау басқармасындағылар әзірге қандай да бір мәлімет беруге асықпай отыр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ