Русский Сайттың толық нұсқасы

Шетелдік онлайн-дүкендерден сауда жасайтын тұтынушыларға салық салыну мүмкін

Шетелден тапсырыспен тауар алдыратындар енді салық төлеуі мүмкін. Еуразиялық экономикалық комиссия әкелінетін өнімге салынатын салықтардың мөлшерін 5-тен 15%-ға дейін өзгертуді қарастырып жатыр. Бұл тауар бағасының өсуіне әкелмей ме? Тілшіміз Дәрібек Бахытбек айтады. 

ДӘРІБЕК БАХЫТБЕК, ТІЛШІ:

Мынау үйілген қораптардағы тауардың бәрі шетелден келген. Қазақстандықтардың тапсырысы алдымен бірінші осында келеді. Сосын бұл жерден, құпия кодты айтып, алып кетесін.
Сәлеметсіз бе! Затымды алып кетуге келіп едім.
Міне сіздің затыңыз...

Мерей Кулумбаева жарты жылдан бері керек затын онлайн-дүкендерден алады. Айтуынша, онда таңдау мүмкіндігі мол. Оған қоса бағасы да арзан дейді.

МЕРЕЙ КУЛУМБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Балберс, Темо, Пиндододан да көрдім. Салыстырғанда әлде қайда арзанырақ. Бағалары бір еке есе арзан ба сондай боп келеді.

Шетелдік дүкендерден тауарды тапсырыспен алдыру – жаңа экономика. Қазір онлайн сауда жасайтындар қатары көбейген. Бірақ, қосымша салық енгізілсе, азық-түлік пен өзге де тауарлар қымбаттайды дейді сарапшылар.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Негізінен қандай да бір кәсіп ашып, ол шетелдік платформадан алынып сатыла ма, немесе ол өзіміздің одаққа қатысы бар мемлекеттен алына ма барлығы да салықтық органдардың алдында тіркеліп сол арқылы жеке тұлға ретінде, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп салық салынатын базаға айналу керек.

Алайда, тауарлардың санаттарына байланысты 5-тен 15%-ға дейін өзгертулер қарастырылып жатыр деген мәліметті ұлттық экономика министрлігі жоққа шығарды. Министрліктің мәліметінше, хаттаманың 1-бабының 6-тармағымен Кеден кодексінің 46-бабына "Жеке тұлғалар сатып алынған электронды сауда тауарларына кедендік бажы және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген жағдайда салық төленуге тиіс" деген толықтыру енгізілген.

АЗАМАТ ӘМРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Хаттама күшіне енгеннен кейін электрондық сауда тауарларының барлық көлемі кедендік декларациялауға жататын болады. Әзірленген жаңа Салық кодексінің шеңберінде электрондық сауда тауарларына қатысты қандай да бір жаңа салықтарды енгізу мәселесі қаралмайды.

Интернет-сауда алаңында жаңа тәртіпті жүзеге асыру үшін министрлік бақылаушы жаңа институт – "Электрондық сауда операторын" енгізген. Бұл тетік "Электрондық сауда операторын" қарапайым адамдар сатып алатын тауарды есепке алып, тіркеумен қатар, тапсырыс берушінің қолына тигенге дейінгі үдерісті бақылайды.