Русский Сайттың толық нұсқасы

«Баланың екі туу туралы куәлігі бар боп шықты»: Жамбыл облысының тұрғыны АХАЖ-ды сотқа берді

  • AstanaTV
  • 22 қыркүйек 2024
  • 302

Жамбыл облысының тұрғыны АХАЖ органдарын сотқа берді. Әйелдің айтуынша олар өзі алмаған туу туралы куәліктің күшін жоюдан бас тартқан. Ал ол уақытта баланың туу туралы дерегі басқа өңірде тіркеліп қойған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жамбыл облысы Талас ауданының тұрғыны сәбиін 2008 жылдың қаңтарында дүниеге әкелген. Кейін ол Алматы облысына ата-анасымен бірге көшіп келіп, сол жылдың қазан айында жергілікті АХАЖ органдарында туу туралы куәлікті ресімдеді. Бірнеше жылдан кейін мәліметтер базасында екі қолданыстағы туу туралы куәлік бар екені анықталады: біреуі баланың туған жері, екіншісі анасының тұрғылықты жері бойынша берілген.

2023 жылдың қазан айында баланың анасы Жамбыл облысының АХАЖ органдарына туу туралы куәліктің күшін жою туралы өтінішпен жүгінді. АХАЖ бұл әрекетті жасаудан бас тартқаннан кейін ол сотқа шағымданды.

«Баланың тууын мемлекеттік тіркеу үшін азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді ұйымдастыру қағидаларының 21 және 25-тармақтарына сәйкес тіркеуші органға тиісті өтініш бала туған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі. Жамбыл облысының АХАЖ-ы мүдделі тұлғалардың осындай өтінішті жолдағаны туралы дәлелдемелер бермегендіктен, сот талапты қанағаттандырды және туу туралы жазбаның күшін жоюға міндеттеді», - делінген Жамбыл облысының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының хабарламасында.

Жамбыл облысының АХАЖ-ы бұл шешімге апелляциялық шағым түсірді. Облыстық сот тараптарды татуластыру үшін шаралар қабылдады, нәтижесінде тараптар өзара жеңілдіктер негізінде консенсусқа келді. Тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасасты, ол бойынша талапкер талап қоюды қайтарып алуға, ал жауапкер артық акт жазбасының күшін жоюға міндеттенді. Сот әйелге төленген мемлекеттік бажды қайтаруды міндеттеді.