Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде 90-нан асқан кейуана тоғыз баласын сотқа берді

  • AstanaTV
  • 23 қыркүйек 2024
  • 229

Қария соттан тек 8 баласынан алимент өндіріп алуды сұраған

Ақтөбе қалалық сотында талап қоюшы Д.-ның 9 баласынан өзінің асырауына алимент өндіріп алу туралы талап арызы бойынша азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды Аlmaty.tv соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Талап қоюшы сотқа 8 жауапкер-баласынан алимент өндіріп алу туралы талап арызбен жүгініп, арызын негіздей келе, өзінің Батыр ана және 92 жаста екенін, жасына байланысты көптеген созылмалы аурудан зардап шегетінін мәлімдеген.

«Талап қоюшы өзінің талап арызында кіші қызы З.-мен қазіргі уақытта бірге тұратынын және материалдық жағынан көмектесетінін түсіндіріп, осыған байланысты соттан тек 8 баласынан алимент өндіріп алуды сұрады. ​​Істі қарау барысында жауапкерлер сотта аналарына тең дәреже көмек беретіні туралы шынайы және жеткілікті дәлелдеме ұсына алмаған», - делінген сот хабарламасында.

​​Өз кезегінде З. үшінші тұлға ретінде, анасына қамқор көрсетіп жүргені туралы фактіні дәлелдеп, бұл дәлелдемелер азаматтық іс материалдарына бейнежазбамен бірге берілгені расталды.

​​«Істі қарау барысында талап қоюшы балалары оған келмейтінін, сондай-ақ оларды 5-6 жыл көрмегенін көрсетіп, бұл да талап арыздың дұрыстығын растайды», - делінген хабарламада.

​​Жауапкерлердің, талап қоюшының кіші қызы З. оларды анасымен кездесу үшін үйге кіргізбейді дегенін сот ескермеді, себебі өз дәлелін тапқан жоқ. Сонымен бірге, сот мұны міндеттерінен жалтарудың бір әдісі ретінде қарастырды.

​​Сот талап қоюшының балаларынан алимент алуға құқығы бар екенін анықтап, алайда олардың төртеуі зейнеткерлік жасқа толуына байланысты алимент өндіруге жатпайтынын ескерді.

​​«Кодекстің 145-бабы 3 және 4-тармақтарын ескере отырып, талап коюшының асырауына, істі қарау кезінде қолданылып жүрген айлық есептік көрсеткішке сай, алиментті 4 жауапкерден 7 еселенген мөлшерде өндірді. Сот жауапкерлердің асырауындағы мүгедек балалары мен кәмелетке толмаған балаларының болуын да назарға алды. ​​Сот шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылып, 4 жауапкерден анасының пайдасына оны асырауға әрқайсысынан 7 АЕК-тен алимент өндірді», - делінген сот хабарламасында.

​​Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.