Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай тұрғындары ескі үйдің апатты деп танылуын қалайды

  • AstanaTV
  • 14 сәуір 2017
  • 2523

Қостанайда екіқабатты үй тұрғындары үйінді астында қаламыз ба деген үреймен күн кешуде. Ескі баспана елу жылдай күрделі жөндеу көрмеген, сыртқы сылағы құлап, тақтай едендері шіріп тұр. Ал шаһар басшылығы, тұрғындардың шағымын қарастырып жатырмыз, дейді.

Заңғар Санай, тілші:

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ағаштан салынған екіқабатты баспананың қазіргі жағдайы осы. Қабырғасы  сөгіліп, кірпіші  құлап, іргетасы шөгіп, әбден тозығы жеткен. Бұл ескі үйде 8 отбасы тұрады.

Көне мекеннің көп бейнетін көргендердің бірі  - Геннадий Макарин. 3 жыл бұрын оның басына осы үйдің кірпіші тиіп, ауыр жарақат алған. Басы жарылған байырғы тұрғын  басқа жерден баспана алайын десе, ақшасы жоқ.

Геннадий Макарин:

Құлағалы тұрған кірпішті алып тастайын деп ойладым. Кейін шегіне беріп едім, шекеме кеп тиді. Есімді жисам, ауруханада жатыр  екенмін.

Үрейлі тұрғындар үй маңында ойнап жүретін  балаларға да қауіп төніп тұрғанын айтады. Құлағалы тұрған кірпіш кесектері кез-келген уақытта жас балғындарды жазым етуі мүмкін деп алаңдаулы.

Александра Сорокина, ҰОС ардагері:

Мен мұнда 45 жылдан бері тұрамын. Осы уақыт  аралығында ешқандай күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Билік өкілдері әлі де тұра беріңдер дейді. Сонда бұл баспананың  үйіндіге айналғанын көргісі келетін шығар.

Галина Пеганов:

Балаларға үлкен қауіп төніп тұр. Кез-келген сәтте сыртқы сылақ опырылып, қабырға құлауы мүмкін. Ал қауіптің алдын алайық десек, үйді өздерің бұзып жатырсыңдар деп  айыптайды.

Сараптама  қорытындысына сай,  ескі үйлерге күрделі жөндеу жүргізіп,  қайта қалпына келтіруге болады. Алайда тұрғындардың  қаражат шығаруға қауқары  жоқ, -  дейді қала билігі.

Базыл Жақыпов, Қостанай қаласының әкімі:

Екі үйді жөндеп, жөнге келтіруге болады деген сараптама берілді. Бірақ ол үйлер  50-60 жылдары салынған ғой. Онда тұратын тұрғындардың көбі - үлкен кісілер. Қаражат жинауға ол кісілердің мүмкіндігі  жоқ. Енді соны комиссиялық тұрғыдан тексеріп, бір амалын табамыз. Қалай, қай жағынан көмектесу керек екендігін.

Қостанайда әбден тозығы жеткен 3 көпқабатты үй бар. Олардағы 40 пәтерде осыншама отбасы күн кешіп жатыр. Техникалық тексеріс жүргізілген көне нысандар әкімдіктің жіті бақылауында, - дейді шаһар басшысы. Ал тұрғындар болса, әрбір күнін қорқынышпен өткізумен келеді

Заңғар САНАЙ