Русский Сайттың толық нұсқасы

Су тасқынынан кейін құтқарушыларға сапалы киім мен арнайы техника сатып алынады

  • AstanaTV
  • 24 қыркүйек 2024
  • 345

Төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов су тасқынынан кейін құтқарушырға сапалы киім мен арнайы техника сатып алынатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.

ТЖМ табиғат апатынан кейін төмендегі іс-шараларды қолға алған.

"Біріншіден, құтқарушыларды арнайы киім-кешек және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қайта қаралып жатыр. Сатып алынатын нысанды киімі сапалы және тапсырмаларды орындауға ыңғайлы, қимыл-қозғалысқа қолайлы болуы көзделеді.
Екіншіден, арнайы автомобильдер мен инженерлік техникалар, оның ішінде жүзу құралдарын, ұшақтар мен тікұшақтар сатып алу жүзеге асырылады. Біз ұшқыштарды түнде және қолайсыз ауа райы жағдайында ұшуға оқытып үйретуді жоспарлап отырмыз.
Үшіншіден, күштер мен құралдарды төтенше жағдайларды жоюға жедел үйлестіру үшін министрліктің Командалық орталығы жаңғыртылып, заманауи құралдармен жабдықталды", - деді Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысында.

Сондай-ақ министрлікте басқарудың нақты вертикалін құру үшін барлық ведомствоға қарайтын мекемеде бір аумақтық бөлімшеге біріктіру арқылы ұйымдастыру-штаттық іс-шарасы жүргізіледі.

"Бүгінде назардан тыс қалып, қолайлы жағдай жасалмаған құтқару бөлімшелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Осыған байланысты жаңа тәсілге бой бұрып, өрт сөндірушілер, медицина қызметкерлері мен құтқарушылар бір жерге орналасқан бірегей өрт сөндіру депосы құрылып жатыр. Бұл шұғыл әрекет етуді арттыруға және азаматтарды дер кезінде құтқару шарасын қабылдау мүмкіндігін береді", - деді министр.

"Төртіншіден, мемлекет басшысының тапсырмасымен министрліктің қарамағында Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылып, оған бақылау функциялары берілді. Енді халықты төтенше жағдайлардан қорғау жөніндегі іс-шаралардың орындамағаны үшін әкімшілік шаралар қабылданады.

Бесіншіден, су тасқынынан зардап шеккен шығынның көлемін ескере отырып, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мүлікті төтенше жағдайлардан сақтандыру механизмі пысықталып жатыр.

Алтыншыдан, өңірлерде қорғаныш бөгеттер мен дуалдар тұрғызу және оларды нығайту сияқты алдын алу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, өзендердің қауіпті учаскелерінде су түбін тереңдету және жағалауды нығайту жұмыстары іске асырылып жатыр", - деп сөзін түйіндеді ведомство басшысы.