Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеліктер де топан судан зардап шекті

  • AstanaTV
  • 17 сәуір 2017
  • 3042

Ақтөбеліктер де топан судан зардап шекті. Қала маңындағы саяжайларды су басып, халық баспаналарын тастап кетуге мәжбүр болды. Қазір тілшіміз Жақсыбек Кемал байланыста. Жақсыбек, аймақта жағдай қалай?

Жақсыбек Кемал, тілші:

Иә, Ләйлә, Ақтөбеде жағдай мәз емес. Қазірге дейін қала маңындағы саяжайлардағы 600-ге жуық аула суға кетті. 5 үй құлап қалған. Құтқарушылар мыңнан аса адамды эвакуациялады. Олардың 500-ден астамы мектептерге орналастырылса, қалғаны туыстарының үйіне жіберілген. Өкініштісі, суға кетіп, қараусыз қалған үйлерге ұры түсе бастаған. Сондықтан 500-ден астам тұрғын үй-жайларын тастап кетуден бас тартыпты. Қазір әр аймақты арнайы бөлінген полиция қызметкерлері бақылауға алды.

Ақтоты Әбдірахманова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

«Дамудан» жылыжай салу үшін былтыр үш жарым миллион теңге кредит алғанбыз. Кеше суға кеткеннен кейін балаларымызды алып, квартираға кеттік. Соның арасында таңертеңге дейін теплицаға алған нәрселеріміз - котеліміз, насосымыз, шлянгаларымызды бір түннің ішінде ұрлап кетті. Жалпы есеппен 2 миллион үстінде деуге болады.

Соңғы екі тәулікте шаһар үстімен өтетін Елек, Сазды, Қарғалы  өзендерінің деңгейі 72 сантиметрге дейін көтерілген. Аймақта жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Судың көтерілуінің шырқау шегі өткен демалыс күндеріне келген. Қазір Ақтөбе қаласына жақын орналасқан үш суқойма да кемеріне келіп тұр. Дегенмен, мамандар өзендердегі судың деңгейі қайтты дейді.

Бауыржан Сыздықов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:

Қазіргі таңда барлық өзендерде судың көлемі түсуі байқалады. Және түсініксіз болмау үшін, ол Қарғалы су қоймасынан тасталынатын 400 текше метр су қалаға 2 тәуліктен соң келеді. Ол екі тәулікте Ақтөбе су қоймасынан келетін судың көлемі азайтылады. Шандорды біз екі тәулікте жаба бастаймыз. Бұл жерде қауіптенетін еш нәрсе жоқ.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Өңірдегі жағдайға байланысты қоғамдық қор құрылды. Комиссия мүшелері жиналған қаржыны тасқыннан зардап шеккендерге теңдей бөлетін болады. Ал мамандар суға кеткен әрбір үйдің заңды құжаты бар-жоғын тексеріп, шығын көлемін есептейтін болады. Мендегі мәлімет әзірге осы.