Русский Сайттың толық нұсқасы

"Қоңырау күтемін": UFC чемпионы қазақстандық Шавкат Рахмоновты жекпе-жекке шақырды

  • AstanaTV
  • 26 қыркүйек 2024
  • 257

UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Белал Мухаммад келесі жекпе-жегін қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновқа қарсы өткізгісі келетінін мәлімдеді. Бұл туралы Белал Мухаммад спорт шолушысы Кевин Айолаға берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Мен Шавкатпен жекпе-жек өткізгім келеді. Ол осы уақытқа дейін жеңілмеген. Егер мен оны жеңсем, ешкім артық сылтау айтпайды. Ал Усманмен кездесу маған ондай әсер бермейді. Усман үш жекпе-жекте қатарынан жеңілді, жасы келген. Менің ойымша, ол үміткерлер қатарына оралу үшін тағы бір жеңіске жетуі керек. Ол әлі де құлшынысы мен талабы бар екенін дәлелдеуі тиіс. Менің ойымша, келесі кездесуім Шавкатпен өтеді. Мысалы Иан Гэрри тіпті титулға таласуды сұрамай отыр, ал Делла Маддалена әлі де жарақатынан айықпаған, сондықтан таңдау Шавкат пен Усманға түседі. Ал осы екеуінің ішінде Шавкатпен жекпе-жек өткізгім келеді. Мен тек қоңырау күтемін. Залда жаттығып, өз деңгейімді арттырып жатырмын. UFC маған қашан хабарласса, сол кезде "иә" деп жауап беремін. Мен кез келген уақытта жекпе-жек өткізуге дайынмын", - деді Белал Мухаммад.

Сондай-ақ Шавкат Рахмонов та Белалмен жекпе-жек оның мансабындағы ең қиын жекпе-жек болуы мүмкін, бірақ ол бұл кездесуді жеңетініне сенімді екенін айтқан еді.

Айта кетейік, Белал Мұхаммад 2023 жылдың шілдесінде Манчестерде өткен UFC 304 турнирінде Леон Эдвардсты төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңіске жетіп, жартылай орта салмақтағы UFC чемпионы атанды.

Шавкат Рахмонов MMA-да 18 жекпе-жек өткізіп, бәрін уақытынан бұрын жеңген. Ол соңғы жекпе-жегін 2023 жылы желтоқсанда Лас-Вегас (АҚШ) қаласында өткізіп, америкалық файтер Стивен Томпсонды екінші раундта ұтқан болатын.