Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада 16 жастағы қызға қысым жасады деп ұсталған экс-полицей ақталып шықты

  • AstanaTV
  • 26 қыркүйек 2024
  • 192

Астанада билігін асыра пайдаланды деген айыппен сотталған экс-полицей ақталып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өткен жылдың маусымында елордалық полицейлер есірткі қоймасын ұйымдастырып жүрген қызды қолға түсірген. Полицияның мәлімдеуінше, тергеу басталғаннан кейін қыз өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, өзіне қауіпсіздік шараларын ұйымдастыруды сұрап, арыз жазған. Тергеушінің шешімі негізінде қыз қауіпсіз үйге орналастырылған. Онда ол 16 күн тұрып, анасымен кездесіп, адвокатымен бірге тергеу әрекеттеріне барып жүрген.

2023 жылдың шілде айында қыз есірткі тасымалдады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қараша айында процессуалдық заң бұзушылықтарды анықтаған прокурордың қатысуымен қылмыстық іс тоқтатылып, қамауға алынған қыз босатылды. Артынша ол қауіпсіз үйде болған кезде қысым көргенін полицияға арызданды. Сосын ол анасымен бірге Италияға кетіп, сол елдің азаматтығын алды.

Айыпталушы полицейге, қыздың кінәсін дәлелдейтін айғақтарды табу үшін қызды әдейі қауіпсіз үйге орналастырды деген айып тағылды.

"Б-ның билікті және қызметтік өкілеттіктерін анық теріс пайдаланғанын айғақтайтын дәлелдер келтірілмеген. Айыптау тек жәбірленушінің қарама-қайшы айғақтарына негізделген. Сонымен қатар, іс бойынша полицияның әрекеттері мен жәбірленуші алған зардаптардың арасында себеп-салдарлық байланыс жоқ", – делінген хабарламада.

Сотталушы құқық бұзушылық белгілерінің жоқтығы үшін ақталды. Оның заңсыз қудалаудан келтірілген залалды өтеуді талап етуге құқығы бар. Бұл іс бойынша жәбірленуші тараптың азаматтық талап арызы қараусыз қалдырылды.