Русский Сайттың толық нұсқасы

Тобыл өңірінде машина жасау мамандығын ұрпақтан-ұрпаққа жалғаған ұлағатты әулет тұрады

Тобыл өңірінде металлург мамандығын ұрпақтан-ұрпаққа жалғаған ұлағатты әулет тұрады. Черепановтар отбасының саладағы жалпы еңбек өтілі 130 жылға жуықтайды. Кезінде аталары айналысқан кәсіпті қазір анасы мен баласы жалғастыруда. 

Қаршадай кезінен металлург мамандар арасында өскен Светлана Черепанова үшін кәсіп таңдау қиынға соққан жоқ.Ата-анасының жолын қуып, металлургия саласына бет бұрған. Еңбек жолын «Рудный тау-кен комбинатында» бастап, кейін Қостанайдағы ауыл шараушылығы техникаларын жасайтын зауытқа ауысқан. 35 жылдан бері осы кәсіпорында жұмыс істеп келеді. Қазір металлургиялық цех басшысы.

СВЕТЛАНА ЧЕРЕПАНОВА, ЦЕХ БАСШЫСЫ:

Бүкіл саналы ғұмырым осы зауытта өтті десем артық емес.Осы өндіріс орнында дос таптым,отбасым да осында деуге болады. Мұнда жұмыс істеген өзіме ұнайды. Мен үшін темірді қорытып, түрлі бұйымдар жасаудан асқан қызықты, керемет нәрсе жоқ шығар.

Кәнігі металлург, кәсіби маманның баласы да осы жерде жұмыс істейді.Қарапайым жұмысшыдан еңбек жолын бастаған жас жігіт қазір жаңа жобаларды енгізу бөлімін басқарады.Айналасы төрт жылдың ішінде басшылық қызметке жеткен.

АЛЕКСАНДР ЧЕРЕПАНОВ, ЗАУЫТТЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Бұл кәсіпорынға келмей тұрып, түрлі салада жұмыс істедім. Сосын еңбек династиясын үзбейін деген оймен осы машина жасау зауытына келдім. Бала кезден темір-терсектің ортасында өскендіктен болар, әйтеуір осы жаққа тартып тұрды.

Қостанайдағы ауылшаруашылық техникаларын жасайтын зауытта 700 –ге жуық адам еңбек етеді. Соның 40 пайызы -жастар.Кәсіпорын жас мамандарға жағдай жасап, тегін тамақ, тасымал, кәсіби білім алуға жол ашып отыр.Сондықтан болар осында жұмыс істегісі келетін жастардың қатары көп. Зауыт басшылығы отбасылық еңбек әулеттеріне ерекше басымдық берілетінін айтады.

ӘЛІБЕК ҚҰСАЙЫНОВ, ЗАУЫТ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Еңбек династияларының ең жақсы жағы – ол тұрақтылық. Бір-біріне үйретіп, жаңағыдай бір династия бір-біріне айтып, беріп жатса,менің ойымша ол тек қана жақсы, ары қарай бұл саланың тез дамуына өз үлесін қосады.

Қостанай зауыты көлік жасау индустриясының көшін бастап келеді.Өндіріс көкжигі кеңейген сайын, техникалық мамандықтарға сұраныс артып отыр.Сондықтан автомобиль өнеркәсібінде жұмыс істейтін білікті мамандардың абыройы асқақ, еңбек адамдарының еңсесі биік бола бермек.