Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайлық дәрігердің өліміне қатысты ұсталған күдіктілер өзге де қылмыс жасаған

  • AstanaTV
  • 18 сәуір 2017
  • 2478

Қостанай облыстық психоневрологиялық диспансердің бас дәрігерін өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталған Зәуреш Изалдинаның 10 жыл бұрын жасаған қылмысы ашылды. Науқастың баспанасын заңсыз иемденген дәрігерге «Бұзақылық» бабы бойынша тағы бір айып тағылды.

Бұған дейін ол сот санкциясымен екі айға қамауға алынған еді. Жедел-іздестіру шараларын жүргізген жергілікті полицейлер психиатр-дәрігер Рашида Сандыбаеваны қатігездікпен өлтірген өзге де топ мүшелерін құрықтады. Күдіктілердің кісі өлімінен басқа ұрлық-қарлық жасағаны анықталып отыр. Ал екі айдан бері жалдамалы пәтерде жасырынып келген тағы бір күдікті Руслан Гафаров қамауға алынған. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Мейрам Базарбаев, Қостанай облыстық ІІД криминалды полиция басқармасының басшысы:

Марқұмның үйінде психиатриялық ауруханада емделген науқастар жайлы ақпар таптық. Сол мәліметті тексеру барысында ауыр қылмыс жасаған бір адамның ізіне түстік. Ол тергеу изоляторында отыр екен. Рашида Сандыбаеваның өліміне 45 жастағы бөлім меңгерушісінің қатысы бар болуы мүмкін деген болжамды сол айтты.