Катманду мен оған жапсарласқан орналасқан елдімекендерге 2024 жылдың 28 қыркүйегінде жауған нөсер жаңбыр салдарынан 112 адам қаза тапты, тағы 70-ке жуығы хабар-ошарсыз кетті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Hindustan Times газетінің хабарлауынша, Непалдың астанасында соңғы тәулікте 1970 жылдан бері алғаш рет жауын-шашынның ең көп мөлшері тіркелді. Салдарынан ойпатты жерде орналасқан елдімекендерді су басты.
Гималай мемлекетінің метеорологиялық орталығының мәліметінше, Катмандуға орта есеппен 240 мм жауын-шашын түскен, кейбір аймақтарда бұл көрсеткіш 322 мм-ға дейін жеткен.
"Құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өлім-жітім саны артуы мүмкін. 29 қыркүйекте таңертең құтқару бригадалары 3,3 мыңға жуық адамды қауіпсіз жерге жеткізді. Құтқару жұмыстарына тікұшақтар, сал мен моторлы қайықтар тартылды", – деді полиция өкілі Дэн Бахадур Карки.