Русский Сайттың толық нұсқасы

"Қанды бұзбас үшін туыс арасында некелеседі": Пәкістандағы қазақтардың жағдайы мен өмір тіршілігі қандай?

  • AstanaTV
  • 30 қыркүйек 2024
  • 231

Қазақстандық блогер Санат Ілияс Пәкістандағы қазақтардың өмірін көрсетті. Айтуынша мұнда олар қазақтың қанын араластырып, жоғалтпас үшін туыстарымен некелеседі. Баспана берілмегендіктен үйді жалдап тұрады және тігіншілікпен кәсіп ашып күнелтуде. Саяхатшы блогер Пәкістанның солтүстігінде орналасқан Пешавар қаласындағы қазақтардың әйелдерге қарым-қатынасы мен өмір сүру жағдайын түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Жалғыз жолаушы” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұл қалада қазақтардан бөлек, тәжік,түркімен, өзбек, ауғандар қоныстанған. Олардың басым бөлігі Кеңес одағы Ауғанстанға басып кіргенде жан сақтау үшін қашып келген. Пешеварда 10 шақты қазақ отбасы өмір сүреді. Олардың жағдайы өзге аймақтардағы қазақтарға қарағанда жақсырақ. Осыдан 25 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев елге оралуға ұшақ жіберген кезде олар бас тартқан екен. 

“Жаяу келгенбіз. Мал-мүлік бәрі Ауғанстанда қалды. Бір көйлекпен келгенбіз. “Қазақстанға барсаңдар діннен шығып кетесіңдер”, деп бауырлар солай азғырған ғой бізді. Солай деп айтқандардың өздері кетіп қалды соңында”, - деді Мұхаммеднаим.

Пәкістандағы қазақтардың тілдері өзбек тіліне ұқсаңқырап кеткенімен, салт дәстүр мен әдет-ғұрыпты өздігінше ұстанады. Мұнда әр отбасы дінді берік ұстанады. 

Бұл жақта әйелдердің өмір тіршілігі өзгелерге құпия. Себебі олар ер адамдардың көзіне көрінбейді. Дегенмен ас-ауқат дайындау мен үй тіршілігі солардың мойнында. Ал шәйді ер адамдар құяды. 

“Пәкістанда еш ауылда үйіміз жоқ. Барлық жерге ақша төлейміз. Үш үйге әрқайсысына 19 мыңнан (34 200 теңге) төлейміз. Айына су үшін 7 200 теңге, жарыққа 90 мың теңге, жылуға қыста 72 мың теңгедей төлейміз”,- деді Хәкім.

Мұнда жалақы 50 мың теңге. Ал қазақтар бірігіп шағын цех ашу арқылы күнелтуде.

“Әйелдерді көрсете алмаймыз. Олар бізде жұмыс істемейді. Шариғат бойынша еріне қызмет етеді”,- деді Мұхаммеднаим.

Мұхаммеднаим жұбайынан 9 баласы бар. Анасының жасы 67-де. Ол Пәкістандағы өміріне көңілі толатынын айтты.

“Шүкір бәрі жақсы жақсы өмір сүріп жатырмыз. Бала-шағамды жақсы асырадық. Ажырасу деген жоқ бізде. Ер адам әйелге қол көтереді. Әйелі емес. Адам болғасын болып тұрады. Әйел кешірім сұрайды, ер адам кешірім береді. Ал ажырасу деген жоқ”, – деді отбасы мүшелері. 

Мұнда 10 шақты қазақ отбасылары бір-бірінің арасында ғана некелеседі. Өзге ұлтпен некеге мүлде қарсы. Сол себептен туыс арасындағы неке салдарынан денсаулығында кінәраты бар балалар да туылған. 

Ал Пәкістанның астанасы Исламабадта қыз келіншектер басқа өңірлерге қарағанда еркінірек. Оларға мұнда орамал тағу міндеттелмеген. Көшгеде ашық шықса болады. Қазақстандық Бағила пәкістандық жігітке тұрмысқа шыққан. Айтуынша бұл некеге басында ата-анасы қарсы болған. Ал қазір тұрмысқа шыққанына 12 жыл болған, екі баласы бар.

“Оның да, менің де ата-анам қарсы болды. Алайда біз өз әлемімізді құрдық. Әйел адамдармен сөйлесіп, достасып қарасаң олар өте басқаша. Олардың да көзқарасы бар. Көп адам Пәкістанда әйелдердің өз ойлары жоқ деп айтады. Негізі олай емес. Әрине ер адамдары бірінші қоятыны рас. Онымен келісемін. Салт-дәстүрлеріміз Қазақстанға ұқсас. Алайда бұл жақта біздегідей қалың мал дегенге қарағанда керісінше қыз тарап көп шығын шығарады”, – деді ол.

Пешавардағы қазақтардың қазіргі арманы өз еліне өз жұртына оралу екен.