Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО-да тұрмысы төмен отбасыларға 758 үй салынып жатыр

Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға 758 үй салынып жатыр. Бұл тапқаны қапқанына жетпей, баспана зарын тартқан тұрмысы төмен тұрғындар үшін іздегенге сұраған болды. Қазір құрылысы біткен кейбір үйлердің иелері жаңа шаңырағында қоныс тойын тойлауда. 

Бұл күні Жаңақала ауданындағы екі ауылда сегіз отбасы баспаналы болды. Құрылысына 150 миллион теңге жұмсалған жаңа үйлердің аумағы 80 шаршы метр, керек-жарағының бәрі ішінде. Ұзақ жылдар бойы пәтер кезегінде тұрып, баспана зарын тартқандардың ішінде тағдыр тәлкегіне түскендер де, көпбалалы аналар да бар. Бәрі де жаңа үйдің кілті қолына тигеніне қуанышты.

ӘЛИЯ ЖОЛДЫҒАЛИЕВА, ТҰРҒЫН:

Семья құрғалы қайынағамызбен тұрдық, қайынапамызбен тұрдық. Одан Ақсайға кеттік. Сонымен осы әйтеуір алып жатқан баспанамыз. Көп-көп рақмет! Қуаныштымыз, көптен күткен баспанамыз.

Бүгінде облыс аудандарында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 700-ден астам үй салынып жатыр. Бұл бастама ауылды жаңғыртуға серпін бермек, дейді аймақ басшылары. Өйткені еліміз егемендік алғалы бері жаңа үй салынбаған ауылдар бар. Енді ауылдың тірегі - мектептер де жаңартылады.

ТІЛЕПБЕРГЕН ҚАЮПОВ, БҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Үлкен эффект беріп жатыр. Өзінің жемісін көріп жатырмыз. Себебі "Қаладан - ауылға!" бағдарламасының аясында көпбалалы семьяларды, қалада бірнеше жыл пәтер жалдап жүрген, өзін-өзі кейбір жағдайға байланысты таба алмаған семьяларды келіп, осы елді мекендерге тұрақтандыру арқылы бұл мәселелерді, қаланың да мәселесін, ауылдың да мәселесін мемлекет тарапынан шешуге бар күш-жігерімізді салып жұмыстанып жатырмыз.

Жаңақазан ауылында балаларға арналған спорт кешені пайдалануға берілді. Енді ауыл балалары шағын футбол, волейбол, баскетбол және теннис және күреспен айналыса алады. Ал алыстан қатынап оқитын оқушыларды тасымалдау үшін жаңа автобус сыйға берілді.