Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысында 120 отбасы жер үлестерін қайтара алмай отыр

  • AstanaTV
  • 19 сәуір 2017
  • 3978

Қызылорда облысы Қоғалыкөл ауылының 120 отбасы күн көрісі - жерлерінен айрылып қалып отыр. Айтуларынша, кезінде «Жамбыл-2030» шаруашылық басшысына сенімгерлікке жер үлестерін тапсырған олар уәделі дивиденд те, көмек те көрмеген. Есесіне 120 отбасына ауылдағы басқа, ұсақ шаруа қожалығы қол ұшын созыпты. Сондықтан халық жерді соларға беруді ұйғарып отыр. Жер дауын Шарипа Сақтапова тарқатады.

Ауылдағы ағайыннын несібесі - жер-анадан. Тұрақты жұмысы бар тұрғындар саусақпен санарлық. Қалғандары егінмен күндерін көреді. Осыдан 3 жыл бұрын 120 отбасы жер үлестерін Жамбыл-2030 шаруашылығына сеніп тапсырған. Енді бір жылдан бері  жерлерін қайтара алмай отыр. 

Бисен Сүлейменов, Қоғалыкөл ауылының тұрғыны:

Біз аудан әкімі, ауылдың әкімі, аудандық маслихат депутаты - осылардын алдында барып бірнеше рет алдынан өттік, бұлар мәселені бізге шешіп бере алмай жатыр.

Күләйша Уалиева,  Қоғалыкөл ауылының тұрғыны:

Рүстемов Болатбек деген жігіт алды, үш жылға сенімгерлік хатпен. Үш жыл өтіп кетті. Дивиденд ол беріп жатқан жоқ, 1-2 қап күріш берді, болды. Былтырғы жылдың мартында біз арыз берген болатынбыз. Берем дейді, бірақ бермейді. Осымен бір жыл болды, сандалып жүрміз. Сексен адам жұмыссыз отыр қазір. Әрбір адамға 1,3 гектардан жер беріледі. 800 гектар жер жиналып тұр бізде.

Оразәлі  Қаршығаев, Қоғалыкөл ауылының тұрғыны:

Енді бүгінгі күні "бермеймін, ал не істейсің, баратын жеріңе бар" дейді бізге.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, шаруашылық басқа серіктестікке қарыз. Сондықтан сот жерге тыйым салған.

Бекмұрат Омаров, Сырдария аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Қарызы төленіп болғанша, ол жер учаскелеріне қандай да болса іс-әрекет жасауға сотпен тыйым салынған. Тыйымнан босату жөнінде қазір іс қаралып жатыр. Қалай тыйымнан босату жөнінде сот шешімі шығады, күшіне енген күннен бастап бұл кісілер өздерінің жер үлестерін бөліп алу жұмыстарын әрмен қарай жалғастыруға құқылары бар. 

Шенеуніктің бұл сөзін ауыл тұрғындары қанағат қылмады. Өйткені сот қашан бітіп, жер қашан қайтарылатыны белгісіз. Ал қазір егіс науқаны басталып кетті. 120 отбасы "биыл да жердің несібесін көрмейміз бе" деп зар қағып отыр.

Шарипа САҚТАПОВА