Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақ даласына радио үні тарай бастағанына 103 жыл толды

Қазақ даласына радио үні тарай бастағанына 103 жыл толды. Биыл радио қызметкерлері төртінші мәрте кәсіби мерекесін атап өтуде. Ғасырдан астам тарихы бар ақпарат құралы мемлекет пен қоғамның дамуына, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. 

103,2 арнасынан ақпарат тарататын "Орда ФМ" радиосының 10 жылдан астам тарихы бар. Қазір Астана мен Алматы қаласына 24/7 қызмет көрсетіп, тұрғындардың көңілінен шығып жүр. Радио ең алғаш "Іскерлер радиосы" атауымен 2013 жылдың 22 наурызында жұмысын бастаған. Кейін қала тұрғындарының радио ордасы болсын деген ниетпен "Orda FM" деп өзгерді.

МЕЙРАМГҮЛ МӘДӘЛІ, "ОRDA FM" РАДИОСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біздің радионың алдына қойған мақсаты ол қазақ тілді аудиторияның сауатты болуына, қазақ тілінде сөйлеуіне және мүмкіндігінше заманауи трендтерден қалмауына атсалысу. Мен ойлаймын біз осы межеден шығуға тырысып бағудамыз.

Өміршең бағдарламалары арқылы радио толқынының тыңдармандары күн сайын көбейіп келеді. Бұл бағдарламалар жұмыстан қайтқан жандарды қызықты ақпараттар, ойындармен баурап алуда.

АЗАМАТ ИСАЕВ, "ОRDA FM" РАДИОСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ДИРЕКТОРЫ:

Біздің тыңдармандарымыз, тіпті, хабарласып, "Біз шықпаймыз 10-ға дейін, сосын барып үйге қайтамыз" дейтін. Көлігінде отырып, "Кешкі time"-ді тыңдап, сосын 10-да аяқтала ма, машинасын құлттап, үйіне кіретін тұғын.

Радио - жолаушыға жолсерік, үйде отырған жандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын сымсыз құрал. Мәдениет пен өнерді насихаттауда да сүбелі үлес қосып келе жатыр. Бұл медиа кеңістіктен пайдалы ақпараттар мен қажетті жарнаманы да табасыз.

АИДА БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Бүгінгі таңда жаңа цифрлық технологиялар мен интернеттің дамуына қарамастан, радио еліміздің ақпараттық саласында ерекше орын алады. Министрлік мемлекеттік радиостанцияларды таратуды кеңейту бойынша жұмысты жалғастыруда. Мұнда шекара маңындағы аудандарға ерекше назар аударылады. Мәдениет және ақпарат министрлігі сенімді және жедел жаңалықтардың көзі ретінде еліміздің әрбір азаматының өмірінде радионы сақтау үшін әрдайым бар күш-жігерін салатын болады. Барлық радио қызметкерлеріне, барлық әріптестеріме шығармашылық табыс, сарқылмас еңбекқорлық және өз мамандығында жаңа биіктер тілеймін!

Министрліктің мәліметінше, биыл Алматы, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Қостанай, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Атырау облыстарының шекаралас аудандарында және Абай және Жетісу облыстарында 120 радио таратқышты пайдалануға беру жоспарлануда.