Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада алғашқы «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді

Қызылорданың сол жағалауында тұратын балалар бірнеше шақырымға қатынап оқуға мәжбүр еді. Себебі мұнда бір ғана жеке мектеп болатын. Ата-аналарды балаларының қауіпсіздігі қатты алаңдататын. Енді бұл қиындықтар артта қалды. Аймақта құны 6 млрд 851 млн теңге болатын алғашқы «Жайы мектеп» пайдалануға берілді. Қазір мектепке балаларды қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. 

900 орынға лайықталған білім ордасында жұмыс қызу. Ата-аналар балаларын «Жайлы мектепке» орналастыруға асық. Солардың бірі -Салауат Мейрамқызы. 8 сыныпта оқитын қызының құжаттарын өткізіп, көңілі жайланғанын айтады.

САЛАУАТ МЕЙРАМҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Болашақта балаларымыз осы жерден жақсы білім алып, Қазақстанның өркендеуіне, өсуіне үлес қосады деп сенемін. Менің қызым тігінді жақсы көретін еді. Жаңа аралап көрдім, тігін машиналары бар екен. Бисер тоқуды үйренеді. Енді алаңдамай үй жақтан кіріп-шығатын болды. Сол үшін де қуаныштымын.

МӨЛДІР ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Жайлы мектепте ұстаздарға ғана емес, балаларға да барлық жағдай қарастырылған. Ғимарат заман талабына сай жабдықталған. Пәндік кабинеттер кең әрі арнайы құрылғылармен қамтамасыз етілген. Ерекше қажеттілігі бар балаларға қолайлы орта қалыптастырған.

Білім ордасы толықтай бейнебақылау жүйесіне қосылған. Балалардың қауіпсіздігі үшін жоғарғы және бастауыш сынып оқушылар әртүрлі блоктарда оқытылады.

МӨЛДІР СМАХАНОВА, №290 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

Оқушылардың бос уақыттарын өткізуге хорияграфия кабинеті және зерттеу жұмыстарын жасауға ғылыми зерттеу кабинеттері бар. Оның ішінде стэм кабинеті бар. Оқушылар оқу үдерісінде цифрлық ресурстанды пайдалануға толық жағдай жасалып отыр.

Мемлекет басшысының бастамасымен "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы еліміздің барлық аймағында жүзеге асуда. Соның негізінде 369 білім ошағы пайдалануға беріледі. Оның 21-і Қызылорда облысында.