Русский Сайттың толық нұсқасы

«Зелёнка іш, аузыңа шам сал»: депутат Tik-Tok-тағы қисынсыз тапсырмаларға наразылық білдірді

Сенат депутаты Геннадий Шиповских Tik-Tok платформасын шектеуді ұсынды. Депутат аталған әлеуметтік желідегі мазмұнға алаңдаушылық білдірді. Айтуынша, ол балалардың психикалық денсаулығы мен мінез-құлқына теріс әсер етеді. Бұдан бөлек Tik-Tok-қа шектеу қою цифрлық әлемнің басты мәселелерінің бірі – киберқауіпсіздікті нығайтпақ. Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында Геннадий Шиповских тиісті шектеулер енгізілмесе, елімізде бұл платформаны толығымен бұғаттауды сұрады.

ГЕННАДИЙ ШИПОВСКИХ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Tik-Tok платформасы экстремизмді, радикализмді, сепаратизмді шектен тыс қауіпті моральдік құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау және шектеу бойынша нақты алгоритмді ұсынуы керек. Екіншіден, Tik-Tok платформасы жас балаларды онлайн қауіпті контенттен қорғау мақсатында Youtube Kids баламасы секілді балаларға арнайы желі ұсынуы қажет. Әлемдік практикаға назар салсақ, көптеген мемлекет әртүрлі себептерге байланысты аталған платформаға ішінара тыйым салып отыр.