Бүгін Сиднейде кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы жаңазеландиялық Андрей Михайловичпен жұдырықтасады, деп хабарлайды Astana TV.
Қазақстандық былғары қолғап шеберінің қарсыласы жаңазеландиялық боксшы Андрей Михайлович болмақ. Жекпе-жек бүгін, 4 қазанда Аустралияның Сидней қаласында өтеді.
Бұл жекпе-жекті Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Трансляция Қазақстан уақыты бойынша сағат 15:00-де басталады.
IBF және WBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы бұл кездесуде екі атағын қорғайды.
Ал Андрей Михайлович кәсіпқой рингте 21 жекпе-жек өткізіп, бірде-бір рет жеңілмеген. 13 кездесуін нокаутпен аяқтаған 21-0, 13 KO. Қазір Халықаралық бокс федерациясы (IBF) рейтингінде 3-орында тұр. Айта кетейік, қос боксшы биыл шілдеде АҚШ-та кездесуі керек болатын. Алайда Әлімханұлы салмақ қуу кезінде есінен танып қалып, ауруханаға түскен.