Русский Сайттың толық нұсқасы

Референдум аясында тура 400 күнге созылған ақпараттық-түсіндіру жұмысы аяқталады

Бүгін елімізде Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты референдум аясында тура 400 күнге созылған ақпараттық-түсіндіру жұмысы аяқталады. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин айтты. Ол осы науқан байсалды түрде, өзара түсіністік жағдайында өткенін жеткізді. «AMANAT» партиясының бастамасымен 6 саяси партия және 20-дан астам қоғамдық бірлестік Атом электр стансасын салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб құрды. Штаб мүшелері барлық өңірдің тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтардың атом энергетикасын дамытуға қатысты байыпты тоқтамға келуіне мүмкіндік берді. 

ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:

Қазақстанның саяси тарихындағы ең ұзақ науқан деуге толық негіз бар. Неге 400 күн? Себебі Мемлекет басшысы референдум өткізу туралы идеясын былтыр, яғни 2023 жылғы 1 қыркүйекте кезекті Жолдауында айтты. Дәл сол күні референдумға қатысты ауқымды жұмыс басталды деуге болады. Осы уақыт ішінде әр аймақта қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды, ақпарат кеңістігінде сарапшылар мен қоғам белсенділері жан-жақты пікір алмасты.