Русский Сайттың толық нұсқасы

Алатау ауданының тұрғындарының өміріне қураған ағаштар қауіп төндіруде

  • AstanaTV
  • 20 сәуір 2017
  • 7288

Алматыдағы Райымбек даңғылының тұрғындары ауладағы қураған теректі неше жылдан бері кескізе алмай жүр. Ал оларға ағаш отауға рұқсат жоқ. Әкімдік ПИК-ке сілтейді, ал ПИК жұмыс істемесе, қайтпек? Айгүл Ермахан алматылықтар үшін өзекті мәселенің жай-жапсарын анықтады.

Алатау ауданына қарасты Райымбек даңғылы 345-ші үйдің тұрғызылғанына 60 жылға жуықтаған. Ал, үй іргесіндегі теректің тұрғанына 40 жылдан асыпты. Әбден шіріп, жарамсыз болып қалғанына 10 жыл болды, дейді тұрғындар.  Қатты дауыл соғып, нөсерлетіп жауын жауа қалса, шіріген ағаш құлай ма деп қауіптенеді. Ал балалар аулада ойнаудан қалған.

Мария Сигарева, Алматы қаласының тұрғыны:


Үлкен-үлкен қураған бұтақтар құлағанда алдымен үйді қиратады. Оған қоса тура теректің астымен газ құбыры тартылған. Оның үстіне құласа, не болады? Біз осы үйлерге жауапты пәтер иелері кооперативіне, құтқару қызметіне де хабарластық. Олар біз тек шатырдан асқан бұтақтарды ғана тегін кесе аламыз. Ал, түбірімен алып тастауға тек әкімшіліктің құзырында дейді. 

Наталья Бутурлина, Алматы қаласының тұрғыны:

Ал, әкімшілік болса, бұл алаңқай пәтер иелері кооперативіне тиесілі дейді. Өздеріңіз көріп тұрғандай, тура осы жерде газ құбырының қондырғылары тұр. Сондықтан бұл аумақ тек әкімшіліктің меншігінде.

Тұрғындар қаражат жинап, ағашты өздері отап тастауға талай оқталған. Алайда талдарды кесуге құқығы жоқ. Ал әкімдік тұрғындар өтінішін енді қарап жатса керек.

Төребек Байымбетов, Алатау аудандық әкімдігінің көріктендіру бөлімінің бас маманы:

Алматы қаласы табиғи ресрустар мен табиғатты қорғау басқармасына рұқсат алуға тапсырыс бердік. Жалпы Алатау ауданы бойынша, жоспар бойынша бізде апатты жағдайда тұрған 300 ағаш жылына және мың жарым ағаш қураған бұтақтарын қырқу. Сол бойынша тапсырыс берілді. Қазіргі таңда мердігер мекеме анықталды. Рұқсат қағаздар алғаннан кейін, жұмыстар жүргізіле бастайды.

Айгүл Ермахан, тілші:

Ереже бойынша апатты ағашты кесуге рұқсат қағазын пәтер иелері кооперативі алып, аудандық әкімдікке өткізуі тиіс. Бірақ тек ақша жинайтын кезде төбе көрсетіп үйренген мекеме өкілдері өздеріне жүктелген міндетті атқаруға ниетсіз дейді тұрғындар. Біз де оларды жұмыс орындарынан таба алмадық. Ал қураған ағаштың қашан оталатыны белгісіз. Әкімдік 80 миллион теңге бөлінген жұмыс қарашаға дейін бітеді деп отыр. Оған дейін бұл терек құлап, арты апатқа әкелмесе, әрине.

Айгүл ЕРМАХАН