Павлодарда ауруханада жатқан науқастар да дауыс берді. Олар ел үшін маңызды шешім қабылдайтын кезеңде шет қалмады. Референдум учаскесінен тілшіміз Өзгеріс Қуанар байланысқа шығып тұр.
ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Павлодарлықтар саяси науқанға белсенді қатысып жатыр. Сайлау учаскелері адамға лық толы. Тіпті, аурухана, перзентханада жатқан науқастар да референдумнан қалыс қалмады.
Қалалық №1 ауруханада 100-ден астам науқас ем қабылдап жатыр. Барлығы бір кісідей референдум учаскесіне келіп дауыс берді. Араларында алғаш рет дауыс берген жастар да бар.
НҰРЖАН БЕКБОЛАТ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Өмірімдегі бірінші сайлау, Яғни, бірінші референдум десе де болады. Ауруханада жатсам да, өз құқығыммен дауыс беріп жатырмын.
Бұл күні перзентханадағы аналар да қарап қалмады. Олар да өз таңдауын жасап, дауыс берді.
КЕҢЕС АҚЫЛЖАНОВ, №107 ЖАБЫҚ РЕФЕРЕНДУМ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
30-дан астам науқас дауысын берді. Өзі жүріп жүрген науқастар осы жерде береді. Жүре алмайтын науқастарға біздің комиссия мүшелері сайлау жәшігімен барады. Бюлльтендерді қабылдап алады.
Павлодар облысында дауыс беруге құқылы 505 мыңнан астам сайлаушы бар. Халықтың белсенділігі жоғары. Зейнет жасындағы қариялар да жастардан қалыспай дауыс, беріп жатыр.
ТЫНЫБАЙ ЗАМАНБЕКОВ, ЗЕЙНЕТКЕР:
Кәрілік жасқа келдік зейнеткерміз. Сондықтан мұны міндетіміз деп ойлаймыз. Дауыс беру ол Конституцияда жазылған. 18-ден асқаннан кейін өзің қартайып, өміріңнің ақырына дейін дауыс беруге міндеттісің. Солай деп түсінем мен өзім.
ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Павлодар облысында дауыс беруге құқылы 505 мыңнан астам сайлаушы бар. Өңірде 520 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Әзірге қандай да бір заң бұзушылық тіркелмеді.