Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда алтын той иелері дауыс берді

Қызылжарда дауыс берушілердің белсенділігі жоғары. Дауыс берушілердің арасында кәмелет жасқа енді толғандар және жасы жүзге таяп қалған қариялар да бар.  Референдумның барысын аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин жеткізеді. 

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Теріскейліктер таңмен таласа өз таңдауын жасап жатыр. Арасында тура елу жыл бұрын шаңырақ көтерген Төлетаевтар отбасы да бар. Алтын той иелері ел үшін маңызды күні дауыс беруге келген. Қазыналы қарияларды референдум учаскісінің мүшелері үлкен қошеметпен қарсы алып, сыйлық тарту етті.

Жаңыл ТӨЛЕТАЕВА, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің үш баламыз бен 4 немереміз бар. Біз солардың болашағы жарқын болсын дейміз. Елімізде болып жатқан өзгерістерден қалыс қалмаймыз. Референдум учаскісінің қызметкерлері бізге күтпеген тосын сый жасады. Өте қуаныштымыз.

Өз таңдауын жасағандардың арасында ардагер Елена Гоменюк те бар. 97 жастағы кейуана келешек ұрпақтың бақытты болуын тілейді.

Елена ГОМЕНЮК, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менің жамбас сүйегім сынған. Бірақ соған қарамастан бүгін дауыс беруге асықтым. Себебі бұл менің азаматтық борышым. Мен бала кезімде көрген қиындықты қазіргі ұрпақ көрмеуі тиіс.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Солтүстік Қазақстан облысында 375 мыңға жуық адам өз таңдауын жасауға құқылы. Аймақта таңғы жетіден бастап 591 референдум учаскісі ашылып, дауыс беру жүріп жатыр.