Енді шетелден келгендердің дене қызуы өлшенеді. Марбург безгегіне қатысты елімізде санитарлық бақылау қайта күшейтілді. Вирус ошағы бұл жолы – Руандада. Африканың шығысындағы мемлекетте 36 адам аса қауіпті індетті жұқтырып, оның 10-ы ажал құшты. Сондықтан, енді халықаралық әуежайларда және мемлекеттік шекарадағы кеден бекеттерінде елге кірген азаматтар тексеріледі. Дене қызуының көтерілуі- қауіпті инфекцияның басты белгісі. Артынша, адамның асқазаны ауырып, орталық жүйке жүйесі зақымданып, көзі мен мұрнынан да қан кетуі мүмкін.
ЖАСҰЛАН АЛПЫСБАЕВ, ҚР ДСМ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
Санитарлық-карантиндік бақылауды күшейттік. Кез-келген шетелден, әсіресе, эндемиялық елдерден келетін барлық жолаушыларды байланыссыз термометрия әдісімен скринингтен өткізіп, ауырған-ауырмағандығын тексеріп отырмыз. Жағдай біздің бақылауымызда. Біздің айтатынымыз, шетелге шығатын, оның ішінде эндемиялық елдерге баратын барлық біздің Қазақстан азаматтары тұмаға, үңгірлерге бармау керек. Өйткені, ол жерлерде жарғанаттар көп шоғырланады.