Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте білім беру қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Ұстаз – ұлы есім. Ұлағатты жандардың кәсіби мерекесі елдегі үшінші мегаполисте кең көлемде аталып өтілді. Білім беру қызметкерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Үздіктердің еңбектері еленіп, бірқатар мұғалім марапатталды. Мерекеге орай ән мен жырдан шашу шашылды. 

Мұғалімдер күніне арналған мерекелік іс-шара «Түркістан» сарайында өтті. Салтанатты жиында қала әкімі білім саласының үздік қызметкерлерін арнайы құттықтады. Мегаполис басшысы өз сөзінде педагог ең алдымен, беделді маман, қызметі жоғары және жауапты миссия екеніне тоқталды.

ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ,ҚАЛА ӘКІМІ:

Ұстаздық - дүниедегі мамандық атаулының төресі. Ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының: «мектептің жаны –мұғалім» деп айтуы да тегін емес. Себебі ұстаз бала тәрбиесіндегі ең басты тұлға. Бүгінде Президентіміздің бастамасымен мұғалімнің қоғамдағы мәртебесін арттыруға және олардың білімін жетілдіруге бағытталған көптеген шаралар қолға алынды.

Бүгінде ұстаздар еліміздің жарқын болашағы мен мемлекеттің дамуы жолында тынымсыз еңбек етуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мұғалімдердің мәртебесін, олардың біліктілігін арттыруға және әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған көптеген шаралар қабылдануда. Осылай деген қала әкімі білім беру жүйесін дамытуға және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосқан мұғалімдерге, сондай-ақ саланың ардагерлеріне алғысын білдірді. Бірқатар ұстаз «Еңбек ардагері» медалін алса, 5 мұғалім Ыбырай Алтынсарин төсбелгісін кеудесіне тақты.

РАУШАН БЕГІМБЕТОВА, № 58 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Еңбегімнің бағаланып жатқанына өте қатты қуаныштымын. Өйткені әрбір ұстаз үшін Ыбырай Алтынсарин төсбелгісі өте үлкен марапат. Ең бірінші шәкірттерімнің жүрегінен орын тапқаныма және жасампаз Қазақстанның жаңа Қазақстанның болашағына өз үлесімді қосқаныма өте қатты қуаныштымын.

АЙМАН АБИКЕНОВА, М.ӨТЕБАЕВ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР КОЛЛЕДЖІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Өте қуаныштымын. Қуанышты боп өзім толқып та тұрмын бір жағынан. Бұл енді 36 жыл еңбегімнің жемісі деп ойлаймын. Осы еңбегіме менің оқушыларым, студенттерімнің жеткен жетістіктерінің арқасында осындай жетістікке жетіп отырмын деп отырмын өзім.

Шымкент қаласының білім беру мекемелерінде 30 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді, 500 мыңға жуық оқушы, студент білім алады. Кәсіби мерекеге арналған салтанатты іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты.