Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда жалған доллар өткізбек болғандар сотталды

  • AstanaTV
  • 08 қазан 2024
  • 72

Оларға 5 жылдан 5,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады.

Алматыда ірі көлемдегі жалған 100 долларлық купюраларды өткізбек болған екі күдікті сотталды, деп хабарлады turkystan.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Аталған тұлғалар бақыламалы сатып алу барысындағы жалған купюраларды өткізу әрекеті кезінде ұсталған.

«Жалған ақша жасаушылардың құрбаны болмас үшін жақсы бағам бойынша айырбастауды ұсынса да, бейтаныс адамдарға ақша айырбастамаңыз және валютаны «делдалдардан» сатып алмаңыз. Осылайша, Қаржылық мониторинг агенттігі Алматыда ірі көлемдегі жалған 100 долларлық купюраларды өткізу фактісін анықтады. Аталған тұлғалар бақыламалы сатып алу барысындағы жалған купюраларды өткізу әрекеті кезінде ұсталды», - делінген хабарламада.

Алматының екі тұрғыны криптовалюта сатып алу желеуімен жалпы сомасы 32 700 АҚШ долларын құрайтын жалған шетелдік купюраны бірнеше рет сатқан. Сот үкімімен істің екі қатысушысы кінәлі деп танылып, оларға 5 жылдан 5,5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

«Агенттікпен жыл басынан бері Қазақстан аумағында айналымнан 1 060 жалған банкнот тәркіленді, оның ішінде ұлттық валютада 647 100 теңге сомасына 141 купюра, 90 400 АҚШ долларына 905 купюра, 2 000 еуроға 4 купюра, 1 000 юань сомасына 10 купюра анықталды. Тәркіленген жалған банкноттардың жалпы құны 43 млн теңгеден асады. Жалпы, ағымдағы жылы жалған купюраларды жасап, өткізгені үшін 8 адам 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды», - дейді ҚМА.