Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу қаласына жұмыс сапарымен барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу қаласына жұмыс сапарымен барды. Президент Үлкен Кремль сарайында өтетін ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Қазақстан Президенті ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысында сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі қонақжайлығы және Ресейдің ТМД-ға төрағалық ету барысында нәтижелі жұмыс атқарғаны үшін Владимир Путинге алғыс айтты. Мемлекет басшысы 1991 жылы Алматы Декларациясының негізінде құрылған ТМД-ның әлеуетін беделді халықаралық ұйым ретінде одан әрі нығайту Қазақстан үшін басты басымдықтың бірі екеніне назар аударды. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Достастық БҰҰ-ның түрлі құрылымымен, сондай-ақ басқа да көптеген халықаралық және өңірлік ұйыммен ұтымды байланыс орнатты. ТМД-ның әлемдік аренадағы беделі артып келеді. Былтыр ТМД жанындағы Бақылаушы және Серіктес мәртебесі бекітілді. Бұл шешім Ұйымның кемеліне келгенін және ашықтығын көрсетеді. Осы жүйелі жұмысты жалғастырып, «ТМД +» форматын құру туралы мәселені қарастыруды ұсынамын. Мұндай алаң Достастықтың өңірлік байланыстарын кеңейтуге негіз болады.