Маңғыстаулықтар шопандар күнін атап өтті. Аймақта ауыл шаруашылығы саласының мамандары ұлан-асыр той жасап, халыққа көтеріңкі-көңіл күй сыйлады. Мерекелік шараны Маңғыстау және Бейнеу ауданының әкімдігі ұйымдастырды.
Биыл «Шопандар тойы» Сайөтес ауылында кең көлемде аталып өтті. Жиылған қауым ауыл шаруашылығы өнімдері мен ұлттық киімдердің көрмесін тамашалады. Палуандардың гірден бастап қошқар мен өгіз көтеру додасы, сондай-ақ «Аламан» мен «Тәй бәйге» сайыстары шараның көркін қыздырды.
НҰРДӘУЛЕТ ҚИЛЫБАЙ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
Шопандар тойы деген біздің қасиетті Амал мерекесінен кейінгі екінші той болуы керек. Алыстағы-жақындағы, ойдағы-қырдағы бір-бірін көптен көрмеген, мал шаруашылығының айналысында жүрген, осының тауқыметін шегіп жүрген азаматтардың бір-бірімен қауышуы, хабар сұрасуы, алыс-беріс, баяғы өткен кеткенді еске алу деген сияқты бұл да бір өзінше той.
Аймақ басшысының айтуынша, түбекте қайта жаңғырған мерекенің басты мақсаты – малшылардың еңбегін лайықты бағалап, мәртебесін көтеру. Мерекеде сала мамандары «Еңбек ардагері», «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен, «Құрмет» грамоталарымен, сондай-ақ облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
ТЕМІРХАН ЖҮНБАСОВ, «ЕҢБЕК АРДАГЕРІ» МЕДАЛІНІҢ ИЕГЕРІ:
Малмен күнелтіп отырған елміз ғой. Сол ата-бабадан қалған малды әріқарай өсіріп, күнелту керек. Бала-шағамыз бар. Маңғыстауда мысалы қыс қыстайды мал түгел. Сосын жаз шыға қырға көшеді. Ақтөбе, Ойыл, Сағыз – сол жерлердің барлығын жайлаған ғой біздің Маңғыстаудың елі. Сосын қыста тағы Маңғыстауға келеді. Малдың жайы ғой.
Шара соңында республикалық ойындар мен жарыстардың жеңімпаздары дипломдармен, ақшалай және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Аламан бәйгеде бірінші орын алған жетібайлық шабандозға көлік сыйға тартылды.