Русский Сайттың толық нұсқасы

Бизнесмендер банктен алған кредитін өтей алмай жүр

"Құрылысшы керек! Айлығы 700 мың теңге". Еңбек биржасында жалақысы жоғары жұмыс жетерлік. Бірақ, сұраныс аз. Көпшілік қолына күрек ұстауға құлық танытпайды. Өткен айда 122 мың адам түйіндемесін биржаға тіркепті. Бірақ бос жұмыс орындары одан да көп. Осы және өзге де ақпараттар "Экономика" топтамасында. 

Екі қолға бір күрек таппай жүргендердің құлағына алтын сырға, Enbek.kz электрондық биржасының мәліметі бойынша елде 136 мың бос жұмыс орны бар. Оның үштен бірі білім беру саласына тиесілі. Яғни 53 мыңға тарта қызметкер тапшы. 2 мың 700 тәрбиеші,2100 математика және бастауыш сынып мұғалімдері керек. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында 9 жарым мың бос жұмыс орны бар. 1300 санитар мен медбике сұраныста. Кадр тапшылығы Жамбыл, Түркістан, Шымкент қалаларында қатты сезіледі. Сондай-ақ, жұмыс берушілер құрылысшыларға 700мың теңгеден астам жалақы төлеуге дайын екенін айтты. Авиация саласындағы инженерлерге 565 мың, тау-кен өнеркәсібінің қызметкерлеріне 500 мың теңге айлық төлемек. Бірақ мамандар бұл қаражатты азсынып отыр.

Бұрындары күніміз теледидарға телмірумен өтетін. Таңнан кешке дейін қосулы тұрады. Ал қазір көгілдір экраннан кино көріп, уақытын қызықты өткізетіндер аз. Орнын түрлі гаджеттер басты. Содан болса керек оның бағасы күрт арзандады. Шамамен 15 пайыз. Бұл 2021 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш. Планшетті де жиі қолданатындарды көре бермейміз. Оның құны 9 процентке төмендеді.

Елімізде екінші деңгейлі банктер бизнес субъектілеріне 31 трлн теңге қарыз берген. Тамыз айының өзінде кәсіпкерлер 1жарым трлн теңге кредит алған. Жалпы берешектің 28 жарым трлн-ы төл теңгемізбен, 2,7 трлн-ы шетел валютасымен рәсімделген. Ірі бизнеске берілген қаржы 4 трлн-ға артты. Шағын және орта бизнестікі 5,8 трлн-ға ұлғайған. Бірақ берешегін қайтара алмай жүрген кәсіпкерлер де бар. Төлеу мерзімі тоқсан күннен асқан қарыздардың үлесі 300 млрд теңгеге жетті.

Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында доллар 487 теңгеден саудалануда. Еуро 535, ал Ресей рублі 5 теңге 3 тиын болды.