Бейбітшілік пен келісімді дәріптеуге жас буынды жұмылдыру – уақыт талабы. Астанада алғаш рет жас діни лидерлер форумы өтті. 30-дан астам елден келген көшбасшылар күллі әлемді алаңдатып отырған өзекті мәселелерді талқылады. Шараның қорытындысы ретінде Жас діни көшбасшылардың декларациясы жарияланды. Жас діни лидерлер форумына қатысушыларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау жолдады.
Жас діни лидерлерінің форумын өткізу туралы идея Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған. Ол -Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін дамытудың тұжырымдамасында көрсетілген басым бағыттардың бірі.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР ЛИДЕРЛЕРІ СЪЕЗІ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бұл бастама жас лидерлер арасында жан-жақты диалог қалыптастыратын және қазіргі сын-қатерлерді бірлесіп еңсеретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын бірегей платформаға айналады деп үміттенеміз. Сіздер осы форумға қатысу арқылы мәдениетаралық және дінаралық диалогты дамытуға өз үлестеріңізді қосуға дайын екендеріңізді көрсетіп отырсыздар.
Өскелең ұрпақ – қашан да жасампаздық пен жаңашылдықтың жаршысы. Жас діни көшбасшылардың әлемнің тұрақты дамуындағы рөлі зор. Осы ретте форум қатысушылары «жаңа буын пассивті бақылаушылар ғана емес, белсенді қатысушы ретінде инновациялық шешімдерді ұсынуы тиіс»,- дейді.
АФРА МҰХАММЕД ӘЛ-СААБРИ, БАӘ ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ ЖӘНЕ БІРЛЕСІП ӨМІР СҮРУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Көп жағдайда қарт адамдар даналық пен білімнің жалғыз көзі ретінде қарастырылып жатады. Жастар биологиялық жасына қарай маңызды басшылық лауазымдардан шеттетіліп келеді. Ал шындығында біз бір-бірімізге мұқтажбыз. Бізге оқуға құштар, жетекшілік етуге және өз энергиясын жалпы игілікке пайдалануға дайын жастар керек.
Геосаяси қайшылықтар көбейген алмағайып заманда халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру қажет. Бұл іске дін көшбасшылары, соның ішінде жастардың белсене қатысуы жұмысқа тың серпін беретіні сөзсіз.
УСАМА АЛ-ФАХРИ, МЫСЫР АРАБ РЕСПУБЛИКАСЫ УАҚЫФТАР МИНИСТРЛІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ:
Кез келген дінді алатын болсақ, оның негізгі философиясы болады. Әр діннің негізгі философиясы – адамдарды өлтіру емес, соғыс ашу емес, халықты бейбітшілікке шақыру, адамдардың құқығын қорғау. Біз осыны қоғамға түсіндіруіміз керек.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Жас діни лидерлер форумының аясында осындай арнайы тақтайша ұйымдастырылған. Мұнда дін өкілдері, сонымен қатар басқа да қатысушылар сурет салып, өздерінің ізгі тілектерін қалдыра алады.
Бірлескен картина кейіннен Бейбітшілік және келісім мұражайына беріледі.
БАҒЫЖАН КҮЗЕКБАЙ, ҚМДБ ЖАСТАР ІСІ СЕКТОРЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Өзіміздің ізгі тілегімізді сурет арқылы көрсетуді жөн көрдік. Неге десеңіз, қазақтың әрбір табиғаты бейбітшілікті көрсетеді. Күн, биік біздің тауларымыз, киіз үйлеріміз, қалықтап ұшып бара жатқан қыран бүркіт. Бұдан асқан ешқандай бейбітшіліктің көрінісі жоқ деп ойлаймын.
Форумға қатысушылардың конфессиялары әр алуан, мәдениеті де сан түрлі. Бірақ әрқайсының мақсаты ортақ, қалауы бір – ол бейбітшілік пен келісім.