Русский Сайттың толық нұсқасы

«Милтон» дауылы Флоридаға жетті

  • AstanaTV
  • 10 қазан 2024
  • 239

Сарапшылар мен құзырлы органдар Американың Флорида штатына ауыр зардаптар әкелуі мүмкін болжанған «Милтон» дауылы штаттың батыс жағалауына жетті, деп хабарлайды ВВС.

АҚШ-тың Ұлттық ауа райы қызметі Гринвич уақытымен сағат 23:00 шамасында дауылдың ең күшті лебі соғатын «көз қабырғасы» (немесе «көзі») деп аталып кеткен периметрі – ең қауіпті бөлігі жағалауға жеткенін хабарлады.

«Милтон» Флоридаға жеткенге дейін біршама бәсеңдеп, ең қауіпті бесінші санаттан төртіншіге, содан кейін үшінші санатқа (жел жылдамдығы 208 км/сағ) ауыстырылды.

Алайда, сарапшылардың түсіндіруінше, «Милтонның» қауіпі әлі де сейілмей тұр: эвакуацияланбаған адамдар үшін желдің жылдамдығы 4,5 метрге дейін жететін толқын тудырып, жақын маңдағы аумақтарды су басып кету қаупі бар, сондай-ақ ол теңіз жағасынан алыс жерлерде де су тасқынын тудыратын күшті нөсерге себеп болуы мүмкін.

ВВС хабарлауынша, Американың Дауылдарды зерттеу ұлттық орталығы Гринвич уақытымен түнгі сағат екінің шамасында «Милтон» дауылы құрлыққа жеткеннен кейін біршама бәсеңдеп, екінші санатқа ауысқанын жариялады.

2-ші санаттағы дауылды желдің тұрақты жылдамдығы – 154-177 км/сағ.

Еуропада қабылданған Бофорт шкаласы бойынша тұрақты (екпінсіз) жылдамдығы 118 км/сағ болатын жел дауыл болып саналады. Саффир-Симпсон шкаласы бойынша дауыл санаттары да осы белгіден басталады.

Қазіргі кезде «Милтонның» орталығы Флорида түбегі арқылы солтүстік-шығысқа, Атлант мұхитына қарай жылжып барады.

CNN хабарлауынша, АҚШ-тың Төтенше жағдайларды басқару жөніндегі федералдық агенттігінің басшысы Диэнн Крисвелл флоридалықтарға үйден шықпауын ескертіп, «Милтонның» әлі де қауіп төндіріп тұрғанын айтты.

Оның айтуынша, Флориданың 70 мыңнан астам тұрғыны билік ұйымдастырған баспаналарға эвакуацияланған.

Бұған дейін АҚШ-та бес миллионға жуық адам эвакуациялау туралы бұйрық алғаны хабарланған болатын.

Florida State University, University of Florida, University of South Florida және University of Miami-де білім алып жүрген қазақстандық студенттер үйінде отыр. Оқу орындары уақытша жабылды, оқу процесі тоқтатылды. Халықаралық бағдарламалар орталығы «Милтон» дауылының Флоридаға жақындағанына байланысты жағдайды бақылап отыр,-деп жазады Қазақпарат.