Павлодарда 84 жастағы қария үйілген қоқыстың ортасында көз жұмды. Көршілер оның үйіне қалдық заттар жинайтынын айтып шағымданған болатын. Арна тілшілері кейуанамен тілдеспек болып, есік қаққанмен ешкім ашпады. Көршілері құтқару қызметін шақырып, есікті бұзып кірді. Құтқарушылар оның жуынатын бөлмеде жатқан мүрдесін тапты. Оқиғаның мән-жайын тілшіміз Өзгеріс Қуанар айтады.
84 жастағы жалғызбасты қария ұзақ уақыттан бері пәтеріне қоқыс жинаған. Көршілері ескерткенмен, оны елемепті. Тұрғындар құзырлы органдарға шағымданса да нәтиже болмаған.
АЛЕНА ПЕРЕПЕЛИЦА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Оның жақын туысы жоқ. Жалғыз өзі тұратын. Жалғыз ұлы болған. Оны біреулер өлтіріп кетіпті. Бірақ, содан бері әжей ақыл-есін жоғалта бастады. Менің ұлым тірі, ол үйленді басқа жақта тұрады деген әңгімелер айтады. Содан бері үйіне қоқыс жинай бастады. Күніне 4-5 қапшық қоқыс әкеледі. Үйі деген қоқысқа толып тұр. Қазір сол сасып жатыр. Құзырлы органдардың бәріне хабарластық. Ешкім әрекет етпеді.
ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Пәтеріне қоқыс жинағыш тұрғын бірінші қабатта тұрады. Көршілері үйіне кіру үшін бетперде тағып жүруге мәжбүр. Өйткені, қолқаны қабатын сасық иіске шыдау мүмкін емес.
Қариямен тілдесу үшін пәтерінің есігін қақтық. Алайда, ешкім есік ашпады. Көршілері амалсыздан полиция мен құтқару қызметін шақырды. Құтқарушылар есікті бұзып кіріп, кейуананың жуынатын бөлмеде жан тапсырғанын анықтады.
ВАЛЕРИЙ АРХИПОВ, ҚАЛАЛЫҚ №1 ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Катаев 54 үйдің тұрғындары көрші пәтерден жағымсыз иіс шыққанын хабарлады. Ұзақ уақыттан бері көршілерін көрмегенін айтады. Біз арнайы құралдардың көмегімен есікті бұзып, аштық. Зейнеткер жуынатын бөлмеде жатыр. Одан тіршілік белгісі анықталмады.
Өңірлік психикалық денсаулық орталығының мамандары қарияның ақыл -есі дұрыс екенін айтады. Тек кейінгі уақытта алжи бастапты. Содан да болар өзінің не істеп, не қойғанын басқара алмай қалған. Құтқарушылар мәйітті полицияға тапсырды. Зейнеткердің неден көз жұмғаны сараптамадан кейін анықталмақ.